«Қазгидромет» мамандары 12-14 қарашаға арналған ауа райы болжамын жариялады.
«Қазақстанның басым бөлігі солтүстік циклонның ықпалында болады. Сондықтан, қар мен жаңбыр жауады, еліміздің оңтүстігі мен шығысында қатты жауады.
Кей жерлерде тұман, көктайғақ, солтүстік өңірлерде бұрқасын болып, жел күшеюі мүмкін», - делінген хабарламада.
Сондай-ақ бүгін 10 өңірде ауа райына байланысты ескерту жарияланды.
11 қарашада Шығыс Қазақстан, Қостанай, Ақмола, Ақтөбе облыстарында тұман, көктайғақ, бұрқасын болады. Желдің екпіні кей жерлерде секундына 15-20 метрге, күндіз 23 метрге жетеді.
11-13 қараша аралығында Жамбыл облысында да тұман түседі, көктайғақ болып, жел күшейеді. Оңтүстік-шығыстан соққан желдің бағыты оңтүстік-батысқа ауысып, кей жерлерде желдің екпіні секундына 15-20, 23-28 метрге жетеді.
Бүгін Батыс Қазақстан облысында қар жауады, тұман түсіп, көктайғақ болады. Солтүстік батыстан соққан желдің екпіні секундына 15-20 метрге жетеді.
11 қарашада Қарағанды облысында жаңбыр, тұман, көктайғақ, бұрқасын. Кей жерлерде желдің екпіні секундына 15-20, 25 метрге жетеді.
Қызылорда облысының кей жерлерінде желдің екпіні секундына 15-20 метр болады.
11 қарашада Павлодар облысының кей жерлерінде тұман түсіп, көктайғақ күтіледі. Оңтүстіктен, оңтүстік-батыстан соққан желдің екпіні күндіз секундына 15-20 метр болады.
11-12 қарашада Солтүстік Қазақстан облысында жауын-шашын (көбіне қар), тұман, көктайғақ, төменгі бұрқасын күтіледі. Оңтүстік-батыстан, батыстан соққан желдің екпіні секундына 15-20 метрге жетеді.