Шымкент қорғасын зауытынан шыққан 2 миллион тонна қалдық өңделетін болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкент қорғасын зауытынан шыққан 2 миллион тонна қалдық өңделетін болды

06.11.2020

Ұзақ жылдардан бері экологиялық проблема туғызып келген Шымкент қорғасын зауытынан шыққан өндірістік қалдықтар түгелдей жойылатын болды. Тау болып үйілген күл ендігі жерде жаңа технологияның көмегімен өңделіп, одан түсті металға арналған концентрат және цемент қоспасы шығарылмақ. Жаңа технологияға негізделген қуатты кәсіпорынның алғашқы желісі іске қосылды.  

Ғани Қалмаханов, тілші: 
-Мынау бір кездері еліміздің қуатты кәсіпорындардың сапында болған Шымкент қорғасын зауытының бүгінгіге қалдырған мұрасы. Жетпіс жыл бойына жинақталған өндіріс қалдықтары 2 миллион тоннаға жуықтайды. Олардың беті ашық болғандықтан жел соққан күндері ауаға көтеріліп, шаңды тозаң қаланы басып қалады.  

Өндірісте әбден қорытылып, зиянсыз қалдық ретінде сыртқа шығарылған үйіндінің өзінен ғалымдар бүгінде тұздармен ластанған мырыш, мыс, мышьяк секілді ауыр металдар тапқан. Осының салдарынан сол маңдағы тұрғындар зауытта жұмыс істемесе де демікпе, анемия, аллергия секілді созылмалы сырқатқа жиі шалдығады. Өйткені ағзаға сіңген қорғасынды шығару мүмкін емес.

Әбімәлік Аширов, техника ғылымдарының докторы, профессор: 
-Қорғасын қандай мөлшерде болсын суда, ауада жинала береді. Уланған адам біріншіден, көп өмір сүрмейді. Екіншіден, әртүрлі ауруларға душар болады.  

Қорғасын зауытындағы ауыр еңбек Ыбырай Өсербаевтің ақыры денсаулығынан айырылды. Сал болып қалған ол қазір төсек тартып жатыр. Еңбек ардагері қорғасын концентратын қорытуға әзірлейтін агломерациялық цехта 40 жылдай еңбек етті.

Дариға Өсербаева, қала тұрғыны: 
-Ең шаң тозаңның бәрі аглоцехта еді. Содан менің шалым зардап алып үшінші жыл болды жатыр. Арқа омыртқасы майысқан. Тұра алмайды орнынан.  

Жаңа зауыт енді осы қалдықтардан өндіріске қажетті қоспалар әзірлейт ін болады. Кен байыту ісіне және цемент зауыттары күл ретінде пайдаланбақ.

Тимур Дербіс, Шымкент қаласы әкімдігі кәсіпкерлік басқармасы басшысының орынбасары: 
-Қазіргі таңда бұл жобаның бірінші желісі іске қосылып отыр. Екі ауысыммен 150 адам жұмыс істеуде.  

Жаңа зауыт жылына 400 мың тонна қалдық өңдеуге қауқарлы. Өндіріс орны толық қуатымен жұмыс істейтін болса қордаланып қалған өндірістік қалдықтарды әрі кеткенде 5-6 жылда өңдеп, тауысады.

Ғани Қалмаханов 


Шымкент қорғасын зауыты қалдық

Хабарламаларға жазылу