Шымкент қорғасын зауытынан шыққан өндірістік қалдықтар түгелдей жойылатын болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкент қорғасын зауытынан шыққан өндірістік қалдықтар түгелдей жойылатын болды

06.02.2023

Ұзақ жылдардан бері экологиялық проблема туғызып келген Шымкент қорғасын зауытынан шыққан өндірістік қалдықтар түгелдей жойылатын болды. Тау болып үйілген күл ендігі жерде жаңа технологияның көмегімен өңделіп, одан түсті металға арналған концентарт және цемент қоспасы шығарыла бастады.

Бұл жерде 2 миллион тоннаға жуық өндіріс қалдықтары жиналған. Олардың беті ашық болғандықтан, жел соққан күндері ауаға көтеріліп, шаңды тозаң қаланы басып қалады. Өндірісте әбден қорытылып, зиянсыз қалдық ретінде сыртқа шығарылған үйіндінің өзінен ғалымдар бүгінде Менделеев кестесіндегі біраз элементтің барын анықтады.

Осының салдарынан сол маңдағы тұрғындар зауытта жұмыс істемесе де, демікпе, анемия, аллергия секілді созылмалы сырқатқа жиі шалдығады.

Әбдімәлік Аширов, техника ғылымдарының докторы, профессор:

Қорғасын зауытының 2-3 шақырым жерінің бәрінде қорғасын бар. Оның бәрі - улы зат. Басқа улы заттар біраз уақыттан соң шығуы мүмкін организмнен, ал қорғасын шықпайды. Оның ең қауіптісі осы.

Жаңа салынған зауыт енді осы қалдықтардан өндіріске қажетті қоспалар әзірлейді. Шығарылған өнім кен байыту ісіне және цемент зауыттары күл ретінде пайдаланбақ. Кәсіпорын іске қосылғалы 346 мың тонна қалдық қайта өңделген. Биылғы тағы 2 өндірістік желі іске қосылмақ. Нәтижесінде, жылына 600 мың тоннаға дейін қалдықты қайта өңдеуге мүмкіндік туады. 

Серікжан Сейітжанов, компания басшысы:

Түсті металдың концентратына сұраныс өте көп. Дәл қазір біз оны «Қазақмысқа» жіберіп жатырмыз. Содан кейін Өзбекстанның Алмалық заводына жіберіп жатырмыз. Ал енді осы жылдың алғашқы жарты жылдығында осы жерде 2 пешті іске қосамыз. Сонда ешқандай қалдық қалмайды.

Ғани Қалмахан

Хабарламаларға жазылу