Сайлау кезінде қол алысып амандасуға болмайды. Сондай-ақ әркім өзінің қаламын алып келуі тиіс. Орталық сайлау комиссиясы бүгін дауыс беру кезіндегі санитарлық талаптарды бекітті. Ал съез бен жиындарға қатысатын азаматтарда ПТР-тестілеудің нәтижесі болуы керек. Індеттің таралуын болдырмау үшін барынша сақтық шараларын ұстану міндеттеліп отыр. Мәжіліс сайлауына қатысатын саяси партиялардың да тізімі бекіді. Саяси додаға 6 партия қатысады. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Асылбек Смағұлов мәлімдеді. Бүгінде барлық саяси партиялар тиісті заңнама аясында жұмыс істеп жатыр. Олар – «Ақжол», «Ауыл», «Бірлік», «Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы», «Қазақстанның коммунистік халық партиясы» және «Nur Otan».
Асылбек Смағұлов, ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі:-Оларды қайта құруға немесе таратуға уәкілетті органдар тарапынан құқықтық негіздер жоқ. Демек, Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауына осы тіркелген саяси партияның барлығы жіберіледі.
Ал «Бірлік» партиясы Шымкент қаласы мен Түркістан облысы мәслихаттары депутаттарының сайлауына қатыса алмайды. Себебі, партияның екі өңірде тиісті филиалдары жоқ. Дегенмен, Мәслихаттар депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімдерін ұсыну кезеңі 10-шы қарашада басталып, 4-ші желтоқсанда аяқталады. Осы уақыт аралығында филал ашып, оны тіркеуден өткізе алса, аталған өңірлерде мәслихаттар депутаттарын сайлауға қатысуға мүмкіндігі бар.
Асима Нұрбайқызы