Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы «Борат-2» фильмін қолдау мақсатында Аустралия жағажайында ұйымдастырылған флешмоб қатысушыларының мемлекеттік туды қолдануына байланысты мәлімдеме жасады.
Мүфтият Исламда мемлекеттік маңызы бар рәміздерге мән берілгенін, хадис ғалымдары өз кітаптарында ту мен жалаудың қадірі мен құрметі жайлы арнайы тарау арнағанын айтты.
«Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) туды және ту ұстаған сахабалардың ерлігін ерекше атап өткен және оны құрмет тұтудың маңызы жайында тағылымды өсиетін қалдырған.
Отан деген сөз кез келген азамат үшін қымбат ұғым болса, әр адамның өзге елден ерекшелеп тұратын Әнұраны, Елтаңбасы мен Туы да – құрметке лайық құндылықтар. Туымыз көтеріліп, әнұранымыз шырқалғанда орнымыздан тұрып, құрмет көрсетуіміз – шариғатта құпталған іс.
Туға, әнұранға, елтаңбаға құрмет көрсету – өз еліміз бен жерімізге, рәміздерге құрмет көрсету.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жағажайда жалаңаш күйде туымызға құрметсіздік жасаған шетел азаматтарының өрескел әрекетін қатаң айыптайды», - делінген мәлімдемеде.