Асқар Мамин Ақмола облысына жұмыс сапарымен барды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Асқар Мамин Ақмола облысына жұмыс сапарымен барды

30.10.2020

Щучинск - Бурабай курорттық аймағын дамыту шараларын аяқтау қажет. Үкімет басшысы Асқар Мамин Ақмола облысына жұмыс сапары аясында аймақ атқамінерлеріне осындай тапсырма берді. Сонымен қатар Премьер-Министр бірқатар кәсіпорындардың жұмысымен танысты. 

Алдымен Үкімет басшысы Степногорск қаласында агроөнеркәсіптік сектор, химия өнеркәсібі және тау-кен металлургия кешенін аралады. Аймақта 10 айда өндіріс көлемі 1,4 пайызға өссе, инвестициялар көлемі 1,7 есеге артып отыр. 

Мұрат Сәрсенбаев, серіктестік құрылтайшысы:
-Бүгінгі таңда 34 пестицид өнімдерін шығаруды игердік. Олардың барлығы ауыл шаруашылығына өте қажет. Енді 33 өнімді шығаруды көздеп отырмыз. Осы арқылы біз барлық сұранысты қанағаттандыра аламыз. 

Премьер-Министр Көкшетауда 200 төсек орнына арналған модульді жұқпалы аурулар ауруханасын көрді. Үкімет басшысы санитарлық-эпидемиологиялық жағдай мен коронавирус инфекциясының жаңа толқынына дайындық шараларын пысықтады. 

Нариман Сыздықов, көпсалалы аурухана бас дәрігерінің міндетін атқарушы:
-Біздің орталық коронавирус жұқтырған науқастарға медициналық көмек көрсетуге арналған. Мұнда 20 төсек жансақтау бөлімінде. 300 маман жұмыс істейді. Біз пандемия жағдайында халыққа көмек көрсетуге дайынбыз.

Асқар Мамин қаланың әлеуметтік, тұрғын үй және көлік инфрақұрылымы нысандарының салыну барысын да көрді. Іске асырылып жатқан инвестициялық жобалармен, сондай-ақ қараша айында өтетін Қазақстан мен Ресей аймақаралық ынтымақтастық форумына дайындық жұмыстарымен танысты. Қазақстанның інжу-маржаны Бурабай – әркімнің бір көруге асығатын жері. Сондықтан отандастарымыз үшін де, қонақтар үшін де қолайлы жағдай жасау маңызды. Осы бағыттағы кешенді шараларды пысықтау үшін Үкімет басшысы туристік инфрақұрылымды дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Басқосуда курорттық аймақты дамытудың 8 жылдық жоспарлы іс-шараларын аяқтау қажеттігін баса айтты.

Дарын Сағитов


Асқар Мамин Ақмола облысы

Хабарламаларға жазылу