Көкшетаулық баскетболшылар жалақыларын ала алмай жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көкшетаулық баскетболшылар жалақыларын ала алмай жүр

30.10.2020

Көкшетаулық «Синегорье» баскетбол командасының ойыншылары жалақыларын ала алмай жүр. Клубтың спортшыларға берешегі млн-дап саналады. Ал тығырыққа тірелген мекеме банкрот болудың аз-ақ алдында. «Синегорье» баскетбол командасы айлап жалақы алмаған. Жыл басында ел біріншілігінде өнер көрсеткен. Ал наурыздың ортасында чемпионат пандемияға байланысты тоқтады. Клуб қыздар командасына 5 миллион, ерлер тобына шамамен 12 миллион теңге қарыз.     

 Аягөз Серікова, баскетболшы: 
-2019 жылдың жалақысын биыл сәуір айында ғана алдық. Біз ойындарға қатыстық, жаттығуларды өткіздік, яғни біздің тараптан міндеттің барлығы орындалды. Алайда, жалақымызды алған жоқпыз. 
Дамира Әуелбекова, баскетболшы:
-Бастапқыда айтылған уәде, шарттар іске аспады. Бізді клубта ақша бар, барлығы жақсы болады деп сендірді.  

Ал клубтың өзі тендерге тәуелді. «Синегорье» командасы коммерциялық емес ұйым. Жыл сайын мемлекеттік сатып алуға қатысып, бюджет қаржысы есебінен жұмыс істейді. 

Ольга Белодед, «Синегорье» клубының өкілі:
-2019-2020 жылдарға арналған маусымға қатысу үшін облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы былтыр 20 миллион теңге бөлді. Ал шығынымыз - 150-160 миллион теңге. Бізге жаңа мемлекеттік сатып алу биыл жылдың басында өтеді делінді. Соған сеніп, жұмыс істей бердік. Бірақ, өткізілген тендерлердің барлығы жарамсыз деп танылды.   

Ал облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының өкілдері ойыншылармен келісімшарт жасау, жалақы төлеу - клубтың ішкі мәселелері дегенді айтып бастарын ала қашып отыр. 

Әсет Бүкібаев, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы: 
-Біз жыл басында мемлекеттік сатып алу өткіздік. Бір ғана қатысушы болғандықтан жарамсыз деп танылды. Кейін пандемияға байланысты баскетбол федерациясы ел чемпионатын уақытынан бұрын аяқтау туралы шешім қабылдады. Сондықтан тендерді қайта өткізу негізсіз деп шешілді.   

Осылайша, спортшылардың жалақысы қашан және қалай төленетіні әлі белгісіз. Ойыншылар енді сотқа жүгінбек.

Ермек Елберген 

баскетболшылар жалақы Синегорье Көкшетау

Хабарламаларға жазылу