Коронавирус індетіне өңірлердің дайындығы қандай?! Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов Президенттің тапсырмасымен елімізің батыс облыстарын аралап Атырау мен Батыс Қазақстанға арнайы барды. Медициналық нысандар мен дәрі-дәрмек қоймаларын аралап, препараттар мен құрал-жабдықтардың түгел қамтылуын тексерді. Сондай-ақ өңірлердегі жұмыспен қамтудың жол картасы аясында салынып жатқан нысандардың құрылысын көрді.
Атырау облысындағы ауруханалар мен емханалар кеселге қарсы тұруға қауқарлы. Жергілікті билікпен өткен жедел кеңесте вице-премьер екінші толқынға дайындықты бұрынғыдан да күшейту қажеттігін қатаң тапсырды. Әсіресе, медициналық мекемелер дәрі-дәрмек, жасанды желдеткіш аппараттары және оттегі концентраторларымен түгел қамтылуы тиіс, - деді Ералы Тоғжанов. Вице-премьер қарашада тапсырылатын жұқпалы аурулар ауруханасын көрді, дәрі-дәрмек желісінің жұмысымен танысты.
Азамат Ерболов, №2 Атырау облыстық ауруханасы директорының орынбасары:-Қазіргі таңда бұл аурухана 95 пайызға дайын. Себебі қосымша тағы да заттар келеді. Өкпенің жасанды тыныстану аппараттары, сонымен қатар реанимациялық және босандыру залдарына медициналық құрал-жабдықтар келуін күтудеміз.
Ералы Тоғжанов Батыс Қазақстан облысындағы сапарын Сырым шекара бекетінен бастады. Ресейдің бес аймағымен шектесетін өңірде шеттен келетін науқастарды дер кезінде анықтау аса маңызды. Өйткені ай сайын көрші елден 80 мың адам мен 50 мың көлік келеді. Әсіресе, сырттан келген жүк тасымалдаушылар қозғалысы қатаң бақыланады. Қазір әр бекетте санитарлық мамандар тұр. Облыста дәрі-дәрмектің 2 айлық қоры бар. Маска да жеткілікті. Әйтседе әкім қарадан бастап, қарапайым жұртқа дейін той жағалап жүр.
Ералы Тоғжанов, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:-Той тойлауды әлі қоймай жатыр. Бір тәуліктің ішінде 7 мыңға дейін тәртіп бұзушылық анықталып отыр. Сондықтан санитарлық режимді сақтамай ештеңе шықпайды.
Премьер-министрдің орынбасары Орал қаласындағы көпбейінді аурухананың жұмысына назар салып, өңірдің медицина қызметкерлерімен кездесті. Осы жерде облыстық жедел жәрдем станциясына 20 автокөліктің кілтін табыс етті.
Вице-премьер 200 орындық жұқпалы аурулар ауруханасының құрылысын бағамдап, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында күрделі жөндеуден өткен №45 мектепті аралады. Білім басқармасының басшылығына, мұғалімдер мен кезекші сынып оқушыларының қауіпсіздігін қамтамасыз етуді қатаң тапсырды.
Рауан Диәлі