Елдегі ірі кәсіпорындардың бәрі енді қоршаған ортаны ластаудан қорғайтын үздік техникаларды енгізуі тиіс. Бүгін Мәжілісте Экологиялық кодекс жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Бірақ, Нұрлан Нығматулин заң жобасын сынға алды.
Елдің экологиялық жағдайы мәз емес. Көптеген алып компаниялар қоршаған ортаға залалын тигізіп келеді. Енді оларға талап күшеймек. Бұрын айыппұл салынса, оның орнына үздік технологияларды пайдалану міндеттеліп отыр. Яғни, «Ластаушы төлейді» қағидаты енгізіледі. Есесіне, экологиялық төлемдерден босатылады. Ал технологияны пайдаланғысы келмейтін өндіріс орындарына төлем мөлшерлемесі еселеп көбейеді.
Жобаның шикі тұстары да жоқ емес. Айталық, мал шаруашылығымен айналысатындарға қатысты норма күмәнді. 1 тауығы барлар да декларация толтыруы мүмкін.
Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:-Осындай заң жобасын оқыған кезде ойлайсың бұл норманы жазған адам ауылда болды ма? Болмаған шығар... Шіркін осы норманы жазған маманды 2-3 айға ауылға жіберсе ғой. Сонда тауық пен сиырдың айырмашылығын түсінетін болады. Қалай ойлайсыз министр мырза?
Қоршаған ортаға залалын тигізетін кәсіпорындарға жаза да қатаңдатылып жатыр. Өйткені, қазіргі қолданыстағы заң бойынша құқық бұзған кәсіпорынға талап бір жыл ғана жарамды. Енді оның мерзімі 3 жылға дейін ұзартылды. Өйткені, ережені елемей, жыл ішінде бір емес, бірнеше рет заң бұзып, жазадан құтылып кететіндер көбейген. Әкімшілік санкциялардың мөлшері 10 есеге дейін ұлғаяды. Осындай жаңашылдықтар қамтылған кодекс жобасын Мәжіліс бірінші оқылымда мақұлдады. Ал кейбір күмәнді тұстарын түзетуге жіберді.
Асима Нұрбайқызы