Теміртауда жасөспірімді жұмысқа алған құрылыс компаниясы тексеріледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Теміртауда жасөспірімді жұмысқа алған құрылыс компаниясы тексеріледі

27.10.2020

Теміртауда кәмелет жасына толмаған жасөсіпірімді жұмысқа тартқан құрылыс компаниясының қызметі жуық арада тексеріледі. Еңбек инспекциясы тарапынан да бұл оқиға бақылауға алынды. Естеріңізге сала кетейік, он бес жастағы Ұлан Бекбай құрылыс басында ғимараттан құлап, жарақат алған болатын. Баланың жағдайы әлі ауыр. 

Руслан Нұрланұлы, тілші:
- 15 жастағы Ұлан Бекбай Теміртаудың ескі қала аумағындағы мына тұрғын үй құрылысында жұмыс істеген. Ол 12-ші қазан күні ғимарат ішінде 2-ші қабаттан құлаған. Сол сәтте жанында екі досы болған. Басынан жарақаттанып, миы шайқалған баланы мұндағылар ауруханаға жеткізіпті.

Содан бері он бес күн өтті. Жүрегі қан жылаған ананың бар тілегі баласының амандығы. Жерге омақаса құлаған Ұланның миына операция жасалды. Бас сүйегіне жартылай пластик салынды. Қазір жағдайы ауыр, сөйлей алмайды. Әділдік іздеген ата-анасы құрылыс компаниясының үстінен полицияға арыз берген. 

Зәуреш Тойлыбаева, Ұлан Бекбайдың анасы:
- Біз құрылыс компаниясының өкілдерімен бұған дейін кездескен едік. Кеше тағы бір адам келді. Полициядан арызды қайтып алуымызды сұрады. Барлық шығынды өзіміз көтереміз деді. Бірақ біз келіспедік. Олар заң жүзінде жазаланса дейміз. 

Сол күні өзінен ересек балаларға еріп келген Ұлан құрылыс алаңын тазалауға жалданып ақша таппақ болған. Анасына қолғабыс етемін деп жанталасқан жасөспірім қоқыс жинап жүріп, биіктен құлап кеткен. 

 Жанат Сәкенов, құрылыс компаниясының өкілі:
- 12-ші қазан күні бізде құрылыс аумағында сенбілік болған. Контордан келген қағаз бойынша бәріміз жұмыс істеп жатқанбыз. Мынау 1-2 этаждың аралығындағы сатыдан құлапты дейді. 

Қазір полиция «Құрылыс барысында қауіпсіздік ережелері бұзылды» деген баппен іс қозғады. Бұған қоса еңбек инспекциясына хат жолданған. Жасөспірімді жұмысқа тартқан құрылыс компаниясына қатысты тексеріс жақын күндері басталады. 

Марал Шаяхметов, Еңбек инспекциясы жөніндегі басқарманың бөлім басшысы:
- Мемлекеттік еңбек инспекторы жоспардан тыс тексеру жұмыстарын тағайындап жатыр. 10 жұмыс күнінде тексеру жүргізу қарастырылған. 26 бап еңбек заңнамасының онда нақты қарастырылған шектеулер. Мынау еңбекке, ауыр және зиянды жұмысқа 18-ге толмаған адамдарды алуға болмайды. Құрылыс саласын барлығымыз білеміз ауыр және зиянды болып есептеледі.

Жазылып шыққан соң да Ұланның денсаулығы ерекше күтім мен ұзақ уақыт оңалтуды қажет етеді. Ал, алған жарақаты мен жасаған операция және оның салдары негізінде сот медициналық сараптамасы шығарылады. Әзірге Ұланның ауруханада қанша жатары белгісіз. 

Руслан Нұрланұлы


Теміртау құрылыс компаниясы

Хабарламаларға жазылу