БҚО-да 16 жастағы қыз екі сіңілісі мен бір бауырын өртенген үйден алып шықты. Өкінішке қарай, балалардың анасы түтінге тұншығып, қаза тапты.
Бұл туралы Төтенше жағдай министрлігінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Министрліктің ресми өкілі Талғат Уәлидің айтуынша, 27 қазан күні түнде БҚО-ның Жәнібек ауылында үй өртенген. Өрт кезінде 1983 жылғы әйел уланып, ауруханаға түскен. Алайда, ол есін жимастан, ауруханада қаза тапты. Ал, оның үлкен қызы, небары 16 жастағы бала екі сіңілісі мен бауырын ерлікпен аман алып қалған.
"Өрт сөндірушелір жеткенше, сол үйдің үлкен баласы, 2004 жылы туған қыз өзінен кіші 2 сіңілісі мен 1 бауырын терезеден шығарып алған», - деп хабарлайды ТЖМ баспасөз қызметі.
Өрт сөндірушілердің болжамына қарасақ, өрт отбасы шыр ұйқыда жатқанда басталған. Құтқарушылар қызыл жалынды түнгі сағат төрт шамасында ауыздықтап, таңғы сағат 04.30-да толық сөндірген.