Асқар Маминнің қатысуымен Hyundai автомобильдерін құрастыру зауыты ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Асқар Маминнің қатысуымен Hyundai автомобильдерін құрастыру зауыты ашылды

15.10.2020

Бүгін Премьер-Министрдің қатысуымен зауыттың ашылу салтанаты өтті. Кәсіпорын әлемдік автомобиль жасаудың заманауи технологиялары мен экологиялық стандарттар талаптарын ескере отырып салынған.  

Зауыт алғашында жылына 30 мың, екінші кезеңге өткен соң 45 мың көлік құрастыруға қауқарлы. Жоба құны 28 миллиард теңгеден асады. Құрылғылардың барлығы Оңтүстік Кореядан жеткізілген. 

Нұрлан Смағұлов, «Astana group» компаниясының президенті: 
- Бұл зауытта дәнекерлеу және бояу жұмыстарының барлығы жүргізіледі. Яғни көлік толық осы жерде құрастырылады. Қосалқы бөлшектердің 51 пайызы жергілікті, яғни Еуразиялық одақ аумағында өндіріледі.

Мамандардың айтуынша бұл Қазақстандағы автомобиль жасау саласының жетекші орталығына айналады. Бұл жерде алдағы уақытта автомобильдің қосалқы бөлшектерін шығару да көзделген. 

Бекнұр Несіпбаев, «Astana Motors» ҚМК бас директоры: 
-Бұл зауытта қазіргі кезде 350-ге дейін маман жұмыс істейді. Және де 700-ге дейін жаңа жұмыс орны ашылатын болады. 

Жаңа зауытты ашып берген Премьер-Министр бұл саланың өркендеуі Қазақстан экономикасының өсуіне, сыртқы сауда айналымының артуына үлкен септігін тигізеді деп отыр.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:
-Қазіргі таңда автомобиль жасау қарқынды дамып, Қазақстан экономикасының өсуінің драйверіне айналды. 9 айында автомобиль жасау саласындағы өндіріс көлемі 50%-дан астамға ұлғайды. Жалпы автомобиль жасаудың дамуы көптеген аралас салалардың өсуіне зор мүмкіндік жасайды. Сонымен қатар бұл сала тұрықты жұмыс орындарын құрды. 

Жұмыс сапары аясында Үкімет басшысы Алматы қаласындағы ЖЭО-2 аралап, жаңғырту және газға ауыстыру тұжырымдамасымен танысты. Асқар Мамин үлкен Алматы айналма жолының және басқа да инфрақұрылымы нысандарын аралады. 

Оңғар Алпысбайұлы


Асқар Мамин Hyundai автомобиль зауыт

Хабарламаларға жазылу