Арқалықтағы құс фабрикасын қалпына келтіру үшін 1,5 млдр теңге қажет - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Арқалықтағы құс фабрикасын қалпына келтіру үшін 1,5 млдр теңге қажет

15.10.2020

Бокситі сарқылып, жұртты жұмыспен қамту қиындаған Арқалық қаласында тағы 250 адам нәпақасыз қалуы мүмкін. Осындағы құс фабрикасының жұмыскерлеріне 11 қарашадан бастап қысқартуға кететіні туралы хабарлама келген. Құстары індеттен қырылған кәсіпорынға мемлекеттің өтемақысы да толық бұйырмайтын түрі бар. Соның кесірінен мүлде жойылып кетудің алдында тұр.   

Дәуренбек Әбдібек, тілші: 
-Арқалықтағы құс фабрикасы жұмысын 20 қыркүйекте тоқтатқан. Сол кезде қала әкімі 3-4 айда бәрін қалпына келтіріп, қазан айынан бастап жаңадан тауықтар сатып аламыз деген. Қазір жаңадан тауық сатып алмақ түгілі фабрика аумағы толық зарарсыздандырылмапты. Ең сорақысы 70 мыңға жуық тауықтың өлексесі әлі аумақтан да шығарылмаған. Осы жерде үйіліп жатыр. 

Мұның себебі алғашқы күні келген комиссия өкілдері белгісіз себептермен акт жасамаған. Кейін екі аптадан соң тауықтардың өлексесі сынама алуға жарамсыз деген уәж айтады. Сонымен 69500 құс есепке кірмей қалған.

Сәрсенбай Мағзұм, Эпизоотикаға қарсы жасақтың бас маманы: 
-Бұл аумақтың ішінде қазіргі таңда ешбір тауық жоқ. Бәрі шықты. 

Яғни, жасақ өкілдері үйіліп жатқан өлексені көрмеген немесе көргілері келмеген. Мұның сыртында тауық қора мен қоймаларда 2 млн жұмыртқа тұр. Алдымен осының бәрі қағаз жүзінде рәсімделіп, орны тазаланауы тиіс. Иістенген жұмыртқа мен өлексесі үйіліп жатқан аумақты бас маманның қалай зарарсыздандырғалы жүргені түсініксіз.

Сәрсенбай Мағзұм, Эпизоотикаға қарсы жасақтың бас маманы: 
-Дезинфекцияны біз бүгін бастауға да дайынбыз. 29-нан бастап кірісіп кететін едік. Оған фабрика басшылары кіргізбеді. 
Жәмила Исмаилова, құс фабрикасының директоры: 
-Күніне 2-3 рет кіреді. Келеді, кетеді. Ештеңе шешпейді. Бір ай болды. Бізге жұмыс істеу керек.

Індет кезінде фабрикадағы 500 мыңнан астам құстың бірі де қалмай қырылды. Соның 421 мыңына ғана акты жасалған. Енді Ауыл шаруашылығы министрлігі осының ішінде 256 мың құс індеттен емес, тұншығып өлген деп отыр. Яғни, осынша тауыққа өтемақы берілмейді. 

Жәмила Исмаилова, құс фабрикасының директоры: 
-Тұншығып өлді дегенді білмеймін. Фабрика желдеткішсіз қалай жұмыс істейді? Келіспеймін оған. 

Басшыларының айтуынша фабриканы қалпына келтіру үшін 1 жыл уақыт, 1,5 млдр теңге қаржы қажет. Сондықтан мемлекеттің қолдауынан қағылса кәсіпорын жұмысы толық тоқтауы әбден мүмкін. Мұның зардабын бірінші кезекте осы жерде еңбек етіп отбасын асырап жүрген қарапайым азаматтар тартаныны анық.

Дәуренбек Әбдібек

Арқалық құс фабрикасы

Хабарламаларға жазылу