Нұр-Сұлтанда пәтерді жалға алу құқығымен сатып алу үшін 1 орынға 20 адам таласып тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Нұр-Сұлтанда пәтерді жалға алу құқығымен сатып алу үшін 1 орынға 20 адам таласып тұр

15.10.2020
Нұр-Сұлтанда пәтерді жалға алу құқығымен сатып алу үшін 1 орынға 20 адам таласып тұр

Нұр-Сұлтанда «Қазақстанның ипотекалық компаниясы» АҚ арқылы сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үйге өтініш қабылдау аяқталды. Нәтижесінде кезек күту тізімінен елорда әкімдігінің тұрғын үй қорына 4635 өтініш түсті, деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметі

«Өтініштер 28 қыркүйектен 7 қазанға дейін zhilfond.kz сайтында электронды форматта қабылданды. Қабылдау кезеңінің нәтижесінде 4635 өтініш келіп түсті. Оның 2030-ы – білім саласы қызметкерлерінен, 723-і – денсаулық сақтау, 209-ы – мәдениет, 84-і – спорт, 668-і – әлеуметтік қорғау, 613-і – полиция департаменті, 308-і – төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері», – деді Нұр-Сұлтан әкімдігінің «Тұрғын үй қоры» КММ түгендеу және есепке алу бөлімі басшысы Марта Әлниязова.

Барлық өтініш берушілер мына санаттар бойынша кезекте тұр: 

- мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйымдар қызметкерлері;

- көпбалалы аналар, көпбалалы отбасылар;

- апатты үй;

- халықтың әлеуметтік осал топтары (мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, мүгедектерге және ҰОС қатысушыларына теңестірілгендер, 1 және 2 топ мүгедектері, созылмалы аурулармен ауыратын адамдар, жасы бойынша зейнеткерлер, қандастар және толық емес отбасылар).

Бүгінде келіп түскен өтініштер қаралуда. Бағдарламаға қатысушыларды іріктеу кезекке қойылған күнге сәйкес жүзеге асырылады. Тұрғын үйді Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің жанындағы тұрғын үй комиссиясы бөледі.

Тілендиев даңғылында, Сарыбұлақ бойында орналасқан «Жаңа Қоныс» тұрғын үй кешенінен және С.Торайғыров көшесінде орналасқан «Замечательный» тұрғын үй кешенінен 224 пәтерді жалға беру жоспарланған.

Әлеуметтік тұрғын үй алушылары ай сайын жалдау шаршы метрі үшін 1455 теңге төлеуі керек. Ең көп жалдау мерзімі – 20 жыл. Ол аяқталғаннан кейін тұрғын үй жалға алушының меншігіне өтеді.

түрғын үй баспана жалдамалы үй нұр-сұлтан

Хабарламаларға жазылу