Бүгіннен бастап елордада карантин шаралары күшейді. Індет жұқтыру қаупі жоғарлап, науқастар саны артқан соң, осындай шешім қабылданып отыр. Қалалық штабтың ұйғарымымен жергілікті атқарушы орган қызметкерлері мен квазимемлекеттік секторлардағы қызметкерлердің 60 пайызы қашықтан жұмыс режиміне ауысты. Бұл жеке ұйым жұмысшыларына да қатысты.
Нотариустар, туроператорлар, сот орындаушылары мен өзге де кеңселер тек кешкі 18:00-ге дейін жұмыс істейді. Қоғамдық тамақтану орындары түнгі 22:00 дейін ғана ашық болады. Және ондағы адам саны 30 орыннан аспауы шарт.
Ал азық-түлік емес тауарлар мен заттарды сататын бутиктерге тек жұмыс күндері 18:00-ге дейін жұмыс жасау рұқсаты берілді. Монша мен сауналар алдын ала жазылу бойынша жұмыс күндері 21:00-ге дейін, демалыс күндері 19:00-ге дейін жұмыс істейді. Сондай-ақ жексенбіде қоғамдық көліктің жұмысы тоқтатылады.
Ләйлә Дулатқызы