Карантин талаптарын бұзған кәсіпкерлер жазаға тартылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Карантин талаптарын бұзған кәсіпкерлер жазаға тартылды

13.10.2020

Елордадағы құрылыс заттарын сататын базарда карантин талаптары сақталмаған. Сауда орны басшылығы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Арнайы рейд барысында кіреберісте дене қызуын өлшейтін құралдың орнатылмағаны және дезинфекциялық төсеніштің жоқ екендігі анықталды. Мұндай тексерулер еліміз бойынша күнделікті жүргізіледі. Елордада ғана осы уақытқа дейін 1200-ден астам әкімшілік іс қозғалып, 700-ге жуық материал бойынша жаза қолданылды. Жалпы құны 133 миллион теңге болатын айыппұл салынған. 

Жабық сауда орындарында қауіпсіздік ережелері сақталмаған. Саудагерлер де жауапкершіліктен тыс қалмады, олқылықтың орнын толтыруға міндеттелді. Қызметкерлермен түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Азамат Қуаныш, санитарлық-гигиеналық қадағалау бөлімінің бас маманы:
-Егер де тағы да дәл осылай карантин режимі бұзылса,  әкімшілік құқықбұзушылық туралы ҚР Кодексінің 425 бабының 2-тармағы бойынша қайта әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

Дәл осындай рейд азық-түлік пен киім-кешек сататын ірі базарларының бірінде де жүргізілді. Мұнда антисептик орнату, келушілердің дене қызуын өлшеу, әлеуметтік ара қашықтық, дезинфекциялық төсеніш деген талаптардың бірі де сақталмаған. Тіпті кей қызметкерлердің өзі маска тақпаған. Ал базар әкімшілігі талапты сақтамайтын біз емес базарға келген халық деп ақталды.

Салтанат Ықыласова, Байқоңыр ауданы тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы басшысының орынбасары:
-Кіргенде маскамен кіріп, маскасын шешіп тастау көп жағдайда кездеседі. Кәсіпорын иелері де көбінесе соған шағымданады.  

Мұндай тексерулер қазір еліміз бойынша күнде тұрақты түрде жүргізіліп жатыр. Мәселен өткен түні Атырауда шектеу шараларын елемеген ондаған той иелері анықталып, жауапқа тартылды. Әр мейрамханада кемінде 50-60 адамнан жиналған. Әлем елдерінде ахуал ушыққан сайын елімізде де талаптар күшейіп жатыр.  

Оңғар Алпысбайұлы

Карантин кәсіпкер жаза

Хабарламаларға жазылу