Қырғызстанда қақтығыстардан кейінгі шығын есептеліп жатыр. Бір ғана Бішкектегі бүліктен келген зиян 210 мың доллардан асады. 13 автобус пен 16 полицей көлігінің сау тамтығы қалмаған. Тәртіпсіздік кезінде 7 жедел жәрдем көлігіне де зақым келген. Орталық алаңдағы 65 шаршы шақырымдай аумақтың гранит тақталары қирап, қолды болған. Кәріз құдығының қақпақтары мен жөндеу жүріп жатқан нысандардан құрылыс материалдары жоғалған. Шеруге шыққандар әкімшілік ғимаратын да бүлдіріп, бейнебақылау камераларын қасақана сындырып кеткен.
Қырғыз ақпарат құралдары саяси ахуал тұрақталып келеді деп хабарлап жатыр. Бүгін Жоғарғы Кенеш депутаттары кезектен тыс отырыс өткізбек. Күн тәртібінде қандай мәселелер қаралатыны белгісіз. Дегенмен,Президенттің төтенше жағдай енгізу туралы жарлығы қолдау табуы мүмкін деген болжам бар.
Жазира Оразқызы