Елдегі тәртіпсіздіктен Бішкекке 210 мың доллардан астам зиян келген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елдегі тәртіпсіздіктен Бішкекке 210 мың доллардан астам зиян келген

13.10.2020

Қырғызстандағы қақтығыстардан зардап шеккендер ауруханаларда әлі ем қабылдап жатыр. Науқастардың бірі көз жанарынан айырылса, жүздеген тұрғын аяқ-қолын жарақаттаған. Ал 1 науқас ес-түсін білмей, ауыр жағдайда жатыр. Қазір ел билігі тәртіпсіздіктерден кейінгі шығындарды да есептеуге кірісті. Бір ғана Бішкекке 210 мың доллардан астам зиян келген. 

Тепсе темір үзетін, бір отбасының асыраушысы болған Ұларбек 1 аптадан аса ауруханада жатыр. Бейбіт күнде Бішкектегі бүліктің кесірінен көз жанарынан айырылды. Жұмысқа жарамсыз. Қақтығыстар басталған түні ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілгенін естіген анасы мен әпкесі қасынан бір елі кеткен емес. 

Ұларбек Нұрланұлы, қақтығыстарда жарақат алған азамат:
-Сен енді мүгедексің деді. Төбеме жай түскендей болды. Айдың күні аманда осындай мүшкіл хәлге түсемін деп ойламаппын. Бір көзімді толық алып тастады. Енді соқыр болып қалдым. 

Ұларбек сияқты мыңнан астам қырғыз азаматы Бішкекте басталған тәртіпсіздіктерден зардап шекті. Ал ел астанасына келген миллиондаған шығынды есептеуге билік білек сыбана кірісіп кетті. Мәселен 13 автобус пен полицейдің 16 қызметтік көлігі сынды деп санақ жүргізіп жатыр. Тәртіпсіздік кезіндегі бұзақылықтан жедел жәрдемнің 7 көлігіне де зақым келіпті. Орталық алаңдағы 65 шаршы шақырым жердің гранит тақталары қирап, қолды болған. Сондай-ақ кәріз құдықтарының қақпақтары мен жөндеу жұмыстары жүріп жатқан нысандардан құрылыс материалдары жоғалған. Шеруге шыққандар қала әкімшілігінің ғимаратын да бүлдірген. Бағалы серверлік құралдар мен бейнебақылау камераларын қасақана сындырып кеткен. 

Осы тәртіпсіздіктерге кінәлі деп танылған Алмазбек Атамбаев үшін ел соты бұлтартпау шарасын әлі таңдамаған. Экс-президент қорғаушысының айтуынша, ол ұстау мерзімінің өткеніне қарамастан, Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің тергеу изоляторында отыр. Ал елдегі күрделі саяси ахуалды талқылау үшін кешкілік Жоғарғы кенеш кезектен тыс отырысқа жиналып жатыр. Депутаттар Президенттің төтенше жағдай енгізу туралы жарлығын қарастырады. Қырғыз ақпарат құралдары соңғы күндері елдегі саяси ахуал тұрақталып келеді деп хабар таратуда.

Жазира Оразқызы


Бішкек

Хабарламаларға жазылу