Түркістан облысындағы мектептердің басым көпшілігі көмірмен және сұйық отынмен жылытылады. Кейбір білім мекемелері тіпті пеш жағып отыр. Өңірдегі елді мекендер газбен қамтылғанымен, ондағы білім ұялары көгілдір отынға қосыла алмай келеді. Салдарынан қыста балалар суық ғимараттарда білім алуға мәжбүр.
Айнұр Ақбаева,тілші:
-Түркістан облысында барлығы 912 мектеп болса, соның 31 -і ғана орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған. 568 мектеп әлі күнге дейін көмірмен және сұйық отынмен жылытылады. Ал, 40 мектеп пешпен амалдап отыр.
Түркістан қаласының іргесіндегі Ынтымақ ауылында жалғыз мектеп бар. Екі мыңнан аса бала білім алатын ғимарат та көмірмен жылытылады. Мұндағылар жылыту маусымына 300 тоннадан аса көмір қажет деп отыр. Оның жартысы қыркүйек айында жеткізілгенімен, сапасы ойдағыдай бола бермейтінін айтады.
Асанхан Жүнісбеков, Молда Мұса мектебінің қызметкері:- Көмір былтырғыдан дұрыс сияқты. Былтыр көмір майда, жануы нашар болды.
Ал, Кентау қаласына қарасты Иқан ауылындағы 4 білім ошағының бәрі көмірмен жылытылады. Мәселен,салынғанынна 40 жылға жуықтаған ескі Иқан жалпы орта мектебіне бір қазандықтың жылуы аз болғандықтан,екіншісі орнатылған.
Арапхан Маматсалиев, Иқан ауылы мектебінің шаруашылық жөніндегі меңгерушісі:- 15-ші қазаннан бастап күннің суығына қарай жағамыз. Жылына 70-80 тонна көмір кетеді.
Облыстық білім басқармасындағылар мәселеден хабардар. Бірақ мектептердің қашан көмірден құтылатынын дөп басып айта алмай отыр. Дегенмен білім ұяларының қазандықтарын кезең кезеңмен газға ауыстыру жұмыстары жүргізіліп жатыр дегенді алға тартты. Өзекті мәселені бүгін Мәжіліс депутаты Берік Дүйсенбинов көтеріп,Үкіметке депутаттық сауал жолдады.
Берік Дүйсенбинов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:-Тұрғындармен кездесу кезіндегі шағымдарға сүйенсек Жетісай ауданындағы 72 мектептің 39 әлі де көмір қызуымен жылынады. №32 Ш.Құдайбердиев атындағы мектептер орналасқан елді мекендерге газ 2014 жылы беріліпті, бірақ сол уақыттан бері алты жыл өтсе де бұл мектептердің газға қолы жетпей отыр. Газдың қосылмау себебін жергілікті әкімшілікте, өкілетті органдар әртүрлі техникалық себептермен түсіндіруде.
Депутаттың көтерген мәселелеріне жергілікті билік пен өкілетті органдар орай мардымды жауап бермеген. Сондықтан депутат осы салаға жауапты шенеуніктер мен газ құбырының басында отырған өкілетті орган басшыларына көгілдір отынсыз отырған ауылдарға көшіп, балаларын суық мектепте оқытуды ұсынды.
Айнұр Ақбаева