Нұрсұлтан Назарбаев Таулы Қарабақта болып жатқан қақтығысты бейбіт келіссөздер арқылы шешуге шақырды. Жансейіт Түймебаевпен кездесуінде Елбасы Кавказдағы жағдайдың ушыққанына алаңдаулы екенін айтты. Қос ел де Қазақстан үшін бөтен емес. Екеуімен де достық, жылы қарым-қатынас қалыптасқан. Сол себепті тараптардың ертерек келіссөзге келуі аса маңызды екеніне тоқталды.
Кавказдағы қос елдің жер үшін таласы Кеңес одағы тарағалы тоқтамай келеді. Белді саясаткер ретінде Нұрсұлтан Назарбаев бірнеше мәрте арағайындық жасап, қос елді ымыраға шақырған. Бұл жолғы қақтығысқа байланысты біздің елдегі Әзірбайжан мен Армян диаспоралары да үндеу жолдады. Қарулы іс-қимылдарды тоқтатуға шақырды. Елбасы бұл бастаманы қолдайды. Ассамблеяның маңызы мен қажеттілігін осыдан ақ көруге болады. Назарбаевтың бастамасымен құрылған институт бүгінде татулық пен келісімнің ұйытқысына айналды. Оған соңғы әлеуметтік зерттеулер дәлел.
Қазақстан халқы ассамблеясы дәуірдің белесінде – күрделі де тағдыршешті 1995 жылы дүниеге келді. Қиын кезеңде бірлігіміздің ұйытқысы, берекеміздің бастауы ретінде құрылған Ассамблея өзіне жүктелген қастерлі миссияны толық орындап келе жатқаны көз алдымызда. 140-қа жуық ұлт пен ұлыс бір шаңырақ астында тату тіршілік етуде. Биыл ұйымның ширек ғасырлық мерейтойы кең көлемде атап өтілуі керек еді. Алайда пандемия салдарынан онлайнға ауысып, қайырымдылық шараларына басымдық берілді.
Жансейіт Түймебаев, Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары:
-Ассамблея ең алдымен биылғы жылы өзіңіз құрған кезеңнен бастап 25 жылдықты еш кедергіге қарамай атап өтіп жатырмыз. Енді үлкен мәжіліс, жиналыстарында атай алмадық. Бірақ та жергілікті баспасөзде және онлайн режимде барлығын атап өтудеміз.
Кемел келешектің кепілі - бірлік. Төртеу түгел болса төбедегі келеді деген аталы сөз соның айғағы. Қазақстандағы ұлттар мен ұлыстардың ауызбіршілігі көптеген елдерге үлгі боларлықтай. Ал Елбасы бастамасымен құрылған Ассамблея тарихы тұрақтылықтың, бейбітшілік пен келісімнің шежіресі болып саналады.
Шерхан Жамбылұлы