Мемлекет басшысы Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленовті қабылдады, хабарлайды Ақорда.
Президентке экономикалық өсімді қалпына келтіруге және азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған Қазақстанның жаңа экономикалық бағдарының негізгі қағидаларын жүзеге асыру жайында баяндалды.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа экономиканы басқаратын құрылымдарды және мемлекеттік-жекеменшік серіктестіктің механизмдерін жетілдіру, инвестиция тарту шаралары жөнінде мәлімет берілді. Сонымен қатар әлеуметтік нысандар салу және тұрғын үй-коммуналдық секторды жаңғырту мәселелері сөз болды.
Мемлекет басшысы ауылдық жерлерді дамытудың перспективаларына, соның ішінде «Ауыл – ел бесігі» жобасына ерекше назар аударды. Осы бастаманың аясында бес жыл ішінде 3500 ауылды жаңғырту көзделуде. Президент ауылдық жерлердегі инфрақұрылымның сапасын қалалық деңгейдегі стандартқа жақындатуды тапсырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев министрге бизнес жүргізу ісін реттеуді және салық салуды жеңілдету жөнінде бірқатар тапсырма берді.