Биылғы мүлік және жер салығын төлеу мерзімінің бітуіне бір-ақ күн қалды. Егер өтеп үлгермесеңіз өсімпұл қосылады. Сондықтан қазір салық органдарында сабылған халық көп. Ал бұдан бөлек көпшіліктің көлік салығы үшін миллиардтаған берешегі бар.
Жұмақыз апаның жанталасатындай жөні бар. Қазан айына дейін мүлік пен жер салығын төлеп үлгеруі керек. Әйтпесе, салыққа қарызы өседі. Ал кейуана неге тықыр таяғанда қимылдады?
Салық органдарында сабылып жүрген жұрттың дені осындай жауап айтады. Міндетті төлемдердің уақыты жақындағанда берешегі бар екені есіне түскендер шұғыл тексертуге асықты.
Бүгінде 320 мыңнан астам адам мүлік салығын төлемеген. Негізгі қарыз 900 млн-ға жуық. Оның өсімпұлы 311 млн-нан жоғары. Жерге берешегі барлардың саны 260 мыңнан асады. Қарыз сомасы 262 млн-ға жуық. Егер өтемесе үстіне 137 млн асырып қайтарады. Бәрінен де көлікке көңіл бөлмейтіндер көп. Негізгі қарызы мен өсімпұлын қоса алғанда 28 млрд-тан асады.
Сол транспорттың жыры әлі бітер емес. Қызылордалық Әсия Нәбиеваға 3 жыл бұрын сатқан көлігіне салыққа берешегі бар деп хат келген. Зейнеткер растайтын құжатын алып, мамандарға тексертуге жүгінді.
Әсия Нәбиева, зейнеткер:
-2017 жылы сатылды. Сатқан кезде салығы төленді. Енді неге салық келіп тұр. Түсінбеймін.
Олжас Отар, ҚР Мемлекеттік кірістер комитеті басқармасы басшысының міндетін атқарушы:
-Қазіргі түскен шағымдардың барлығын дерлік талдап қарадық. Ол меншік ол кісінің атына тіркелген уәкілетті органда. Сондықтан мемлекеттік кірістер органдары кінәлі деп емес, ең бірінші бұл меншік менің атымда тұр ма, жоқ па соны тексеруіміз керек.
Бұған дейін сала министрлігі қарбаластың мәнін түсіндірді. Өткен жылғы көлік салығына есептеу биыл ғана жүргізілген. Сондай-ақ әдетте қарызы барлар анықталған бойда ақпараттандырылып тұратын. Бірақ осы жылы карантин салдарынан бәрін бір мезгілде, яғни қыркүйекте құлақтандырған.
Нысаналы Ығыл