Қазақстан теңгесі АҚШ долларына шаққанда бүгін таңертең 428 теңге 20 тиынға сатылды. Теңгенің әлсіреуіне қатысты Ұлттық Банктің монетарлық операциялар департаментінің директоры Нұржан Тұрсынханов түсініктеме ұсынып отыр.
Айта кетейік, бұған дейін теңгенің долларға шаққандағы құны мұнай бағасына тікелей қатысты қалыптасатыны айтылатын. Бірақ, мұнай бағасы айтарлықтай өзгермесе де, бүгін теңге бір долларға шаққанда 426,60 теңгеден, 428,20 теңгеге дейін әлсіреп кетті.
«АҚШ долларының индексі коронавирус инфекциясының екінші толқыны пайда бола ма деген алаңдауға байланысты, сондай-ақ АҚШ-тағы Президет сайлауына байланысты негізгі әлемдік валюталар қоржынына қарсы нығайып, екі айдағы шарықтау шегіне жетті. Сыртқы нарықтардың қысымын дамушы елдердің валюталары да сезінді. Долларға шаққанда, Түрік лирасы, Бразилия реалы мен Мексика песосы да әлсіреді, Оңтүстік Африка ранды доллармен салыстырғанда құнын 1,2%-ға жоғалтты. Ресей рублі өткен аптада бір доллар үшін сәуірдегі деңгейдің ең жоғары көрсеткіші 78 рубль белгісінен асты», - дейді Нұржан Тұрсынханов сыртқы нарықтар тек Қазақстан теңгесін ғана әлсіретіп отырған жоқ деген пікірін түйіндей келе.