Нұрымбетов: Екінші толқын болса 2 млн адам әлеуметтік қолдауға мұқтаж болуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Нұрымбетов: Екінші толқын болса 2 млн адам әлеуметтік қолдауға мұқтаж болуы мүмкін

24.09.2020

Екінші толқын соқса, елде 2 млн-нан аса адам әлеуметтік қолдауға мұқтаж болуы мүмкін. Ал жүз мыңдаған адам, тіпті табыссыз қалу қаупі тұр. Бүгін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов осындай жағымсыз болжам жасады. Мұндай жағдайда Үкімет не істемекші?  

Елімізге коронавирус келгелі бірнеше ай ішінде мемлекет халықты қолдау үшін 475 миллиард теңге жұмсады. Себебі, төтенше жағдай, карантиндік шектеулер мен локдаун мыңдаған тұрғынды табыссыз қалдырғаны анық. Індеттің екінші толқыны да оңай болмайын деп тұр. Министрліктің болжамы алаңдатарлық. Шектеулердің кесірінен 160 мыңнан астам адам жұмыссыз қалып, 2 млн 200 мың адам қолдауға мұқтаж болмақ. Тіпті министр жұмыспен қамтылған халықтың жартысына жуығы яғни 4 млн адам ғана жұмысын сақтап қалады деп мәлімдеді. 

Біржан Нұрымбетов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

- Үштен бірі немесе 2,5 млн адам қашықтан орындалатын жұмыс режиміне ауысуы мүмкін. 2 млн адамның жұмыс уақыты қысқарып, олар ақылы немесе басым бөлігі ақысыз демалысқа шығарылуы ықтимал. Бұл - бірінші кезекте сауда, көлік, тұтыну және тамақтану қызметтері саласындағы қызметкерлер. Бағалау бойынша 162 мың адам жұмыссыз қалуы мүмкін. 

Министрлік карантин кезінде халықты қолдаудың тетіктерін әзірлеген. Біріншіден, жұмыстан айырылғандарға ең төменгі жалақы мөлшерінде ақы өтеу, я субсидиялау тетігін енгізу көзделіп отыр. Сондай-ақ уақытша табысынан айырылғандарға берілетін әлеуметтік төлемақы көлемін арттыруды ұсынбақ. Тұрғындарды жұмыссыз қалдырмау үшін инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру да ширайды әрі «Еңбек» бағдарламасы аясында кәсіп ашқан азаматтарға қолдау көрсетіледі. Алайда, депутаттар «Жұмыспен қамтудың жол картасын» қаржыландыруға бөлінген 1 трлн теңгенің тиімді жұмсалып жатқанына сын көзбен қарады. Себебі, бір жұмыс орын ашу үшін 4 млн теңге кетеді екен. Сондықтан мұндай қомақты қаржыны бағдарлама арқылы бөлгенше, халыққа тікелей берген тиімдірек емес пе дегендер де болды. Біржан Нұрымбетов мұнымен келіспеді әрине. Бағдарлама аясында 255 мың жұмыс орнын ашу жоспарланса, бүгінде 180 мың адам екі қолға бір күрек тапты. Дегенмен мәжілісмендердің жұмыспен қамту орталықтарының қызметіне де көңілдері толмай отыр. 200-ге тарта орталықтың ішінде көрсеткіш үшін заңбұзушылыққа баратындары жоқ емес дейді.

Құдайберген Ержан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Жұмыс берушілермен келісе отырып еңбек нарығы ақпараттық жүйесінде жұмыстан босатылған және жұмыспен қамту орталығының жолдамасы бойынша қайтадан сол өзінің жұмысына орналасқан адам жөнінде белгі қоя салады. 

Карантинде ғана емес келешекке де қазірден қам жасау қажет. Себебі болжам бойынша, 2025 жылға дейін жұмыссыз жастар қатары 265 мыңға жетеді. Ал еңбекке қабілетті адамдар саны 12 млн-нан асуы мүмкін. Сондықтан жыл сайын қазіргідей 400 мың емес, 700 мың жұмыс орны ашылуы тиіс. 

Нысаналы Ығыл 


Хабарламаларға жазылу