Алматы облысы Шонжы ауылында спорт кешенінің шатыры құлады. Құрылысы өткен жылы басталған нысан 2021 жылдың қаңтар айында халық игілігіне пайдалануға берілуі тиіс еді. Оның жалпы құны 1 миллиард 171 миллион теңгеге жобаланған. Ауқымды нысанның шатыры не себептен құлады? Оған кім кінәлі? Толығырақ тілші бейнематериалында.
Нұрхан Нұрланұлы, тілші:
- Спорт кешенінің шатыры кеше түскі уақытта опырылып түскен. Бірақ барлығы емес, бір бөлігі қирап қалған. Абырой болғанда адам шығыны жоқ. Дәл сол уақытта нысанның ішінде құрылысшылар болмаған. Ал қазір кешен аумағы арнайы лентамен қоршалып, мамандар зерттеу жұмыстарын жүргізуде.
Жетісу өңірінде Елбасы тапсырмасы бойынша биыл 8 спорттық нысанның құрылысы жүріп жатыр. Ал Ұйғыр ауданында салынып жатқан кешен биыл жыл соңына дейін аяқталуы тиіс еді. Әзірге нысан шатырының не себептен құлағаны белгісіз. Өйткені, қатты жел, дүлей дауыл болмаған.
Еркебұлан Османбаев, Облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары:
- Кішкентай шеті, төбесі құлады.
Жергілікті билік сапасы сын көтермеген нысанның шығынын толықтай мердігер мекеме өзі көтереді деп отыр. Ал нысанның құлаған бөлігі жыл аяғына дейін қайта қалпына келтірілмек.
Шухрат Нурахунов, Ұйғыр ауданының әкімі:
- Кімнің кінәсі екенін анықтауымыз керек. Әрі қарай заң аясында шешім қабылдаймыз.
50-ден астам адам жұмыс істеп жатқан құрылыс қазір тоқтап тұр. Зерттеу жұмыстары аяқталғанша құрылыс жалғаспайды. Нысанның құлаған бөлігі қалпына келтірілгеннен кейін ғана іс әрі қарай жүргізілмек. Шатырдың неліктен құлағанын анықтау үшін облыс әкімінің тапсырмасымен арнайы комиссия құрылды. Оның нәтижесі жуырда жарияланбақ.
Нұрхан Нұрланұлы