Алдымен Солтүстік Қазақстан облысындағы құс тұмауына байланысты. Әуелі 7, сосын тағы 2 ауданның аумағынан, дәлірегі – 23 елді мекеннен шықты. Жұманың кешінде облыста карантин жарияланды.
Тамызда Ресейдің бізбен көршілес облыстарынан - Түмен, Омбы аймағынан құс тұмауы шыққаны туралы хабар тараған. Олардан құс және құс өнімдерін импорттауға тыйым салынған. Бұл бірінші кезекте жыл құстары тарататын вирус. Адамға жұқпайды, егер еті мен жұмыртқасын пайдаланбаса. Тұтынатын негізгі тамағы, сонымен бірге табыс көзі болып табылатын түтіндер үшін кәдімгідей қиналатын жағдай. Бірақ тәуекелге баруға, яғни жақсылап тұрып пісірсе, қауіпті емес деген кейбір мамандардың пікірін «солай екен» деп бергіміз жоқ. Себебі адамға жұғуы мүмкін емес нәрсе емес.
1997 жылы Гонконгте солай болған. Құс тұмауы үй құстары арасында белең алғанда 18 адам ауырып, 6 адам көз жұмған. H5N1 вирусының бір типі және құстан жұққаны анықталған. Құс тұмауын 2005 жылы Вьетнам, Таиланд, Камбоджа, Индонезияда 112 адам жұқтырып, жартысына жуығы қайтыс болған. Әйтеуір адамнан адамға жұғуы тіркелмеген. Бірақ мутацияға ұшыраған вирустар аса қауіпті. 1918-1919 жылдардағы грипп пандемиясы, былайынша «испанка» деп атайды, 40 млн-нан 50 млн дейін адамның өмірін жалмағанын білеміз. Ал «испанканың» вирусы құс тұмауы мен адам тұмауы вирустары гендерінің рекомбинациясынан туған деген болжам бар. Құс тұмауынан болған адам өлімі соңғы рет 2014 жылы Канадада тіркелген. Солтүстік Қазақстан облысындағы құс тұмауы туралы Сағындық Сәбитұлы баяндайды.