Өлген құс үшін 75 млн теңгеден астам өтемақы төленді - АШМ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өлген құс үшін 75 млн теңгеден астам өтемақы төленді - АШМ

13.10.2020
Өлген құс үшін 75 млн теңгеден астам өтемақы төленді - АШМ

Жеке қосалқы шаруашылық иелеріне өлген құс үшін өтемақы төлене бастады. Бұл туралы ҚР АШМ Ветеринартялық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының міндетін атқарушы Тұрсын Қабдолданов айтты.

«Ауыл шаруашылығы министрлігі 7 қазанында облыс әкімдіктеріне құс тұмауынан өлген құстардың орташа нарықтық құнын өтеу үшін құжаттар пакетін қалыптастыру кезінде жеке қосалқы шаруашылық иелеріне көмек көрсету қажеттілігі туралы хат жолдады. Бүгінгі күні 15 мыңнан астам құс басына дайындалған құжат келіп түсті. Олар бойынша жеке шоттарға 75 млн теңгеден астам төлемақы аударылды», - деді ол Орталық коммуникациялар алаңында өткен брифингте. 

Өтемақы алу үшін құстың иесі құстардың бар екенін растайтын құжатты әкімдіктен алады. Жеке шот ашып, оған өтемақы аударылады.

«Құстың нарықтағы орташа бағасы өңірлер мен елді мекендерде әртүрлі. Бүгінде нарықтағы орташа бағасы 800-1200 теңге арасында болып отыр. Мұны аймақтағы комиссия шешеді», – деді спикер журналистер сұрағына жауап бере отырып.

Комитет төрағасының айтуынша, еліміздің 7 облысының 78 елді мекенінде құс тұмауына байланысты карантин енгізілді. Соңғы тәулік ішінде СҚО-да 22 бас құстың өлімі тіркелді, ал республиканың басқа аймақтарында шығын тіркелмеген. «Бескөл» және «Агроинтерптица» құс фабрикаларында құс өлімі тоқтады. 2 құс фабрикасы бойынша барлығы 361 647 бас құс қырылған. Жеке үйлерде 45 мың құстың шығыны болды. 

Жалпы, елімізде 46 миллионнан астам құс бар. Оның ішінде құс тұмауынан келген шығын 0,9 пайызды құрады. Қазақстанда сондай-ақ 64 құс фабрикасы жұмыс істейді.


құс тұмауы өтемақы

Хабарламаларға жазылу