Tengri Bank лицензиясынан айырылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Tengri Bank лицензиясынан айырылды

18.09.2020

Tengri Bank ақыры лицензиясынан айырылды. Енді банктік және өзге де операцияларды жүргізуге құқығы жоқ. Бұл туралы қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі хабарлап отыр. 

Ләйлә Дулатқызы, тілші:  

- Tengri Bank-тің қиын жағдайға тап болып, салымшыларына 98 миллиард теңгедей қарыз екенін бұған дейін де бірнеше рет айтқан болатынбыз. Мұның өзіндік себептері бар. Басты себеп - 2015-17 жылдары халыққа берілген несиелердің қайтарылмауы. Проблемалық кредиттердің көптігінен несие портфелінің сапасы төмендеген. Әрі жыл басында банк клиенттері қаражатын жаппай әкете бастапты. Оған қоса банктің акционерлермен арадағы ішкі даулары да қаржылық жағдайын қиындата түсті. Міне, осының салдарынан Tengri Bank міндетті нормаларды орындай алмаған. Яғни, белгіленген лимиттерді жүйелі түрде бұзған, қадағалау шараларын сақтамаған. Еске салайын, Наурыз айында Ұлттық банк Tengri Bank-тің ірі акционері, үндістандық Punjab National Bank-ке 30 сәуірге дейін филиалын 23 млрд теңгеге капиталдандыруды міндеттеген. Десе де талап толық орындалған жоқ. Акционер тек 16,9 млрд теңге сома салған еді. Ол қаражат клиенттер алдындағы берешегін азайтуға пайдаланылды.

Банк салымшыларының 99%-ының депозиті толық көлемде «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ кепілдігімен өтеледі. Өтемақы ұлттық валютада төленеді. Оның сомасы - теңгедегі жинақ салымдары бойынша 15 млн теңгеден, ұлттық валютадағы өзге депозиттер бойынша 10 млн теңгеден, шетел валютасындағы депозиттер бойынша 5 млн теңгеден аспауы тиіс. Ал кепілдік берілген өтемақы сомасынан асатын қалдықты банктің тарату комиссиясы өтейтін болады. Ол мәжбүрлеп тарату туралы сот шешімі заңды күшіне енген кезден бастап тағайындалады.

Хабарламаларға жазылу