Қазақстандық ЖОО дипломдары Еуропа елдерінде жарамды болады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстандық ЖОО дипломдары Еуропа елдерінде жарамды болады

18.09.2020

Келер жылдан бастап елімізде берілетін дипломдармен Еуропа елдеріне жұмысқа орналасуға болады. Қазақстан өзінің ұлттық біліктілік шеңберін еуропалық біліктілік деңгейімен сәйкестіндірді. Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, 2021 жылдан бастап отандық жоғары оқу орындарының түлектеріне жаңартылған қосымшасы бар диплом беріледі. Онда түлектің елде алған білімі еуропалық біліктілік санатымен сәйкес екені көрсетіледі. Мұндай шешімді Болон үдерісінің хатшылығы қабылдады. 

Ал ұсынысты әзірлеуге бірнеше министрлік өкілдерінен құрылған ведомствааралық комиссия қатысқан болатын. Мұндай бастама бір жағынан шетелдіктер тарапынан қазақстандық жоғары білімге деген қызығушылықты арттырады дейді мамандар. Естеріңізге салайық, Болон хатшылығы жоғары білімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында, 1999 жылы 29 елдің Білім министрлерінің бастамасымен құрылған. 

Бану Нарбекова, ҚР БҒМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаменті директорының орынбасары:

- Ол қосымшада ағылшын тілінде еңбек, оқу нәтижелерін, өткен пәндерін көрсетіп, Қазақстан туралы ақпарат жазылады. Қай деңгейде бітіргені көрсетіледі. Нәтижесінде Еуропадағы компаниялар біздің дипломға сеніммен қарайды деп ойлаймын. 

Раушан Сайлауқызы 

Хабарламаларға жазылу