Елордада соңғы екі жылда 70 бала терезеден құлап кеткен. Олардың 16-сы қайтыс болса, 54-і жарақат алған. Қалалық Төтенше жағдайлар департаменті көбіне 2 мен 7 жас аралығындағы балалар құлайтынын айтады. Себебі олар ашық терезе алдында қараусыз қалады. Сондықтан мамандар қауіпсіздік шараларын қалай сақтаудың жолдарын айтты.
Еркін Отарғалымұлы, Нұр-Сұлтан қаласы ТЖД басқарма басшысы:
- Бала өз еркімен терезе алдына шықпауы үшін терезенің алдына жиһаздарды жақын қоймаңыздар. Естеріңізде болсын, терезеге орнатылған москиттік тор бұл баланың терезеден құлауына бөгет бола алмайды.
Сондай-ақ балаларды көлікпен қағып кету фактілері де азаймай тұр. Мәселен, түнде Алматыда Lexus жүргізушісі жеткіншекті соғып кетті. Бала оқиға орнында қаза болды. Куәгерлердің сөзінше, 2005 жылы туған жасөспірім рұқсат етілмеген жерден жүгіріп өтпек болған. Ал апта бұрын ғана Шығыс Қазақстанда 31 жастағы жүргізуші рөлге ие бола алмай, жол маңында ойнап жүрген 4 баланы қағып кеткен. Біреуі сол жерде мерт болса, екеуі дәрігер қарауынан кейін үйге жіберілген. Ал бір бала әлі де ауыр жағдайда ауруханада жатыр.
Амангелді Сейітхан