«Рейтер» агенттігінің хабарлауынша, сәрсенбі күні планетада коронавирустан қайтыс болғандар 900 мыңнан асты. Жұқтырғандар 28 миллионға жақындап келеді. СOVID-тан ең көп адам жоғалтқан «үштікке» АҚШ, Бразилия, Үндістан кіреді. Әлем бойынша қауіпті инфекция құрбандарының 400 мыңдайы осы мемлекеттердің үлесінде.
Үндістан пандемияның жаңа эпицентріне айналды. Өткен тәуліктің өзінде мұнда 95 мыңнан астам адамнан коронавирус анықталды.
Анил Пател, Ахмедабад азаматтық госпиталінің жетекші дәрігері:
- Осы уақытқа дейін коронавирус халықтың 50-60 пайызына жеңіл, орташа немесе клиникалық деңгейде жетті. Эпидемия әрі қарай жалғаса береді. Әркім өз денсаулығына дұрыс қарағаны жөн.
Зерттеулерге қарағанда, Covid-19 құрбандары саны жағынан екі Америка континенті алда тұр. Мерт болғандар Бразилия мен АҚШ-та азайып жатқанымен, Мексикада, Перуде, Колумбияда, Чилиде және Эквадорда көбейіп барады. Жалпы алғанда, тәулігіне жер-жаћанда бұл індеттен орта есеппен 5600-ден астам адам өледі. Және де коронавирустан қайтыс болғандардың саны жер шарында әрбір 17-18 күнде 100 мың адамға артып отыр.
Айде Галвес, Перу тұрғыны:
- Мұндай аурудың барына сенбейтіндер бар. Солар тойларға, кездесулерге маскасыз барады.
Еуропаның бір бөлігінде эпидемия қайта күш алып отыр. Жақында Франция, Ұлыбритания, Испания тәрізді елдерде тура көктемдегідей күніне мыңдаған адамнан СOVID анықталып, пандемияның екінші толқынынан белгі берді. Айта кетсек, Испания - Батыс Еуропада коронавирус жұқтырғандар саны 500 мыңнан асқан алғашқы мемлекет.
Арыстан Рысбек