Ақмола облысында 300-ден аса инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылуда. Яғни, әлеуметтік нысандар жаңғыртылып, мыңдаған жаңа жұмыс орыны ашылып жатыр. Премьер-Министрдің орынбасары Ақкөл ауданынан бастап Көкшетау қаласына дейін аралап солардың біразын көрді. Халық пайдаланатын ғимараттардың құрылыс қарқыны және сапасымен танысты.
Әбден тозған мәдени-спорт кешеніне 40 жылдан кейін әр кірді. Ғимарат - Еңбекші ауылы жастарының негізгі ермегі. Бұрын сиқы кеткен нысаннан секем алып жүрсе, енді емін-еркін доп қуып, кітап оқитын болды. Ақкөл ауданы бойынша ең үлкен кітап қоры осында. 19 мың оқулық бар. Осы жердің тумасы Халық Қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы орта мектеп-бағы да 50 жыл дегенде күрделі жөндеуден өтті.
Ал Макинск қаласында жылу тарату өндірушіге қымбатқа түсетін. Өйткені мазут жағатын. Енді көмірге өтіп жылына 250 млн теңге үнемделмек. Сәйкесінше тұтыну тарифі төмендейді. Қазандықты қайта жаңғырту арқылы соған қол жеткізіліп отыр. Сондай-ақ шағын шаһарда тағы бір қазандық жаңадан салынуда. Жылу беру қуаты 10 мың шаршы метрден асады.
Сәкен Сыздықов, Бұланды ауданы құрылыс бөлімінің басшысы:
- Мұның бірінің қуаты 2 есе артады. Тұтынушылар саны да көбейеді. Қарашаға дейін екі нысан пайдалануға өтеді. Енді облыстық бюджет шығыны да қысқаратын болды. Тарифті қайтадан қосымша есептейміз.
Ал мына орталық аурухананың тозығы жетіп тұрған еді. Мемлекеттік-әріптестік негізде озық ғимаратқа айналды. Ал қасындағы нысан - емхана. Құрылысы бітісімен балалар мен ересектер сонда қаралатын болады.
Юлия Гагаркина, құрылтайшы:
- Мемлекеттік әріптесіміз ескі медициналық мекемелерді басқаша жарақтайды. Мысалы, бұрынғы балалар емханасы медициналық колледж, ал екіншісі медицина мамандары мен мемлекеттік қызметкерлер үшін жатақханаға айналуы мүмкін.
Бұл - «Болашақ сарайы». Жеткіншектер білім, өнер және спорттық жағынан осы жерде жетіледі,- деп күтілуде. Сыйымдылығы 500 бала. Суға түсу, түрлі үйірме тегін.
Ералы Тоғжанов өңірдегі ірі машина жасау өнеркәсібіне де барды. Онда мамырдан бері 900 өкпені жасанды желдету апараты шығарылды. Қазір тағы 200 данасы дайын тұр. Ал дәрі-дәрмек қоры 3 айға жетеді. Қазір Ақмола онкологиялық аурулар бойынша республикада бестікке кіреді. Жағдай онкологиялық емхана салынғанда тұрақталуы тиіс,-деп отыр мамандар.
Нұрлан Жаров, облыстық көпсалалы аурухана директоры:
- Магнитті-резонанстық, компьютерлік томография, маммография, ультрадыбыстық құралдармен қамтылады. 20 дәрігер 8 сала бойынша ем жүргізеді. Жаңа медициналық ұйым аурудың бетін қайтаруға септігі зор болады деп сенеміз.
Нысаналы Ығыл, тілші:
- Облыста «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 328 инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылып жатыр. Бүгінге 99-ы дайын. Нысандардың құрылысы мен жаңғыртылуы арқылы 11 мыңнан аса жұмыс орны ашылады деп жоспарланған. Қазірдің өзінде 8 мың 200 тұрғын қамтылып отыр.
Нысаналы Ығыл