Түркияда карантиндік шаралар күшейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркияда карантиндік шаралар күшейді

09.09.2020

Түркияның барлық аумағында бүгіннен бастап маска тағу міндеттелді. Бұдан бөлек қаларалық және өзге де қоғамдық көліктерде жолаушы тасымалына да шектеу қойылды. Жолаушылар көліктегі орын санына қарай алынады. Тұрып тұруға болмайды. Елде коронавирустің таралуы өршіген соң ел билігі карантиндік шараларды осылай қатаңдата бастады. Сондай-ақ, бұған дейін мектептер 21 қыркүйектен бастап ашылады деп хабарланған болатын. Білім министрінің айтуынша, 21 қыркүйек күні сабаққа тек бірінші сынып оқушылары ғана барады. Оның өзінде оқушылар аптасына бір-ақ күн мектепте болып, аптаның басқа күндері онлайн оқытылады. Жоғарыдағы талаптарды бұзғандарға 200 мың теңге шамасында айыппұл салынады. 

Сүлеймен Сойлу, Түркияның Ішкі істер министрі:

- Біз қоғамның денсаулығын осылайша қорғауға мәжбүрміз. Карантиндік шаралардың сақталуын заң бойынша қатаң талап етуіміз қажет. Маскасыз жүрген адамға, ол кім болса да, айыппұл салуға міндеттіміз. Бұдан да қатаң карантинде бәріміз үйімізде де отырдық. Сондықтан вирусты жеңу үшін осы шектеулерге көнуден басқа амалымыз жоқ.

Ал, Түркия денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша елде вирустың екінші шарықтау кезеңі басталды. Қазір күн сайын шамамен 1500-1700 адам індетке шалдығуда. Бүгінге дейін елде 283 мыңнан аса адам вирус жұқтырған, қайтыс болғандар саны алты мыңнан асып кетті.

Айдос Әшімұлы

Хабарламаларға жазылу