Кәсіпкер боламын деп жүргендердің беті қайтуда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Кәсіпкер боламын деп жүргендердің беті қайтуда

09.09.2020

Апталап, айлап бизнеске машықтанып, кәсіпкер боламын деп жүргендердің беті қайтып жатыр. Іс бастауға грант ұтарына сенімді болса да текке уақытын сарп еткендерін кеш түсінеді. Соңғы кезде комиссияның шешіміне келіспейтіндер де көбейіп кеткен. 

Қолында қос сертификаты бар Гүлнұр былтырдан бері сергелдеңде жүр. Алты баланың анасы 3 апта «Бастау-бизнес», тағы 3 ай «Кәсіпкерлікке оқыту» курстарын оқыған. Кезінде музей қызметкері болған ол жұмыстан қысқартылған. Енді еріне көмектесіп, тігін шеберханасын ашуға қанша талпынса да нәтиже шығар емес. 

Гүлнұр Оралбекова, қала тұрғыны:

- Сонда неліктен оқытады? 3 ай уақытымды кетірмеу керек еді.

Көпбалалы ананың жұмыспен қамту орталығына қайта келгені сондықтан. Ондағы мамандар оқытқаннан басқа қолдан келер амал жоқ, өзгесін комиссия шешеді,- дейді. Әлекке түскен Гүлнұр ғана емес. Әлеуметтік желіде ондай адамдар жетеді. 

Жоба иесінің өнімі – желілік ажыратқыш. Әзірге үйінде шығарып жатыр. Жұмысшылары - отбасы мүшелері. Бағасы арзан, - дейді. Ал егер электр бұйымын Ресейден сатып алса, бірнеше есе қымбатқа түсетінін айтады.  Жалпы биыл Шымкентте инновациялық жоба ұсынғандар жетіп артылады. 3 есе өскен. Себебі әлеуметтік осал топтағыларға қайтарымсыз грант беріле бастады. 176 өтініш түсіп, 150 млн теңгеге 52 жоба қаржыландырылған. Бірақ желілік ажыратқышты жасаған жігіттің жолы болмаған. 

Үсен Исаев, Шымкент қалалық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының бөлім басшысы:

- Себебі көршілес облыс Кентау трансформатор зауытында детальдар шығарады. Сосын оның объемі де жоғары. Ал бұл кісіде біртіндеп сататын дүкендерге болса, ол бәсекелестікке төтеп бере алмайды. 

Бірақ мұнымен басқа қатысушылар келіспейді. Олар өндірісті қолдамай, адым бассаң сүрінетін жобаларды таңдап алды,-дейді.  Комиссия шешіміне күмәнмен қарайтындардың қатары жиілеп кетті. Грант алғандардың саны болғанымен, жобасын құшақтап қалғандардың қатары қанша екені белгісіз. 


Нысаналы Ығыл


Хабарламаларға жазылу