Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әлемді келесі пандемияға әзірленуге шақырды. Жер бетінде коронавирус жұқтырғандар 27 миллионнан асып, Латын Америкасында, Еуропада мұндай науқастар саны тағы да көбейе түсті. Планета бойынша коронавирус жұқтырғандар 27 миллионнан, ал одан қайтыс болғандар 890 мыңнан асып кетті. Қауіпті дертке шалдыққандар саны бойынша АҚШ 6 миллион 200 мыңмен бірінші орында, Үндістан 4 миллион 200 мыңмен екінші, Бразилия 4, 1 миллионмен үшінші сатыда тұр.
Ал, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы әлемді келесі пандемияға дайын болуға шақырып отыр. Мұндай мәлімдемені Тедрос Адханом Гебрейесус Женевада өткен баспасөз мәслихатында жасады.
Тедрос Адханом Гебрейесус, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас хатшысы:
- Бұл – соңғы пандемия емес. Тарих бізге эпидемияның өршуі – өмір шындығы екенін үйретті. Сондықтан, оған қазіргіден әлдеқайда дайын болуымыз керек.
Ұйымның мәлімдеуінше, екі Америка континенті - Covid-19-тан ең қатты зардап шеккен аймақтар. Өткен тәулікте коронавирус диагнозы қойылғандар саны Бразилияда, Мексикада, Аргентинада, Эквадорда айтарлықтай өсті.
Испанияда да осы вируспен госпитальге жеткізіліп жатқандар көбейе түскен. Жалпы алғанда, бұл корольдікте Covid-19 инфекциясы 500 мыңнан артық адамнан табылды.
Франция коронавирус жұқтырудан әлемде жетінші орында тұр. Өткен тәулікте бесінші республикада мұндай пациенттердің саны тағы 11 мыңға артып, эпидемиялық жағдай үкіметті қайта алаңдата бастады.
Оливер Веран, Франция денсаулық сақтау министрі:
- Бұл вирусты күніне мыңдаған адам жұқтыратын болды. Осы тұрғыдан алғанда, бізді эпидемиялық ахуал, әрине, алаңдатып отыр.
Өткен тәулікте Covid-ке шалдыққандар Черногорияда, Италияда, Украинада, Грузияда, Мысырда, Түркияда, Малайзияда және тағы басқа елдерде де көбейді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өзге бір дерегінше, «Қара құрлықта» коронавирус жұқтырғандардың 37 пайызы - Оңтүстік Африкада. Сонымен қатар, бұл аймақтағы Эфиопия, Алжир, Намибия, Кенияда да осындай науқастардың саны жоғары.
Арыстан Рысбек