Білім және ғылым министрлігі «Aстана» университетін тексеруде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Білім және ғылым министрлігі «Aстана» университетін тексеруде

07.09.2020

«Астана» университеті тағы да даудың айналасында қалды.  Білім министрлігіне оқу ордасының басшылығына қатысты шағым түскен. Студенттер университетте оқытушы қалмағандығына, қазақ, орыс топтары бірлесе оқытылатынына наразы. Тіпті, түлектердің кейбірі осы уақытқа дейін диплом ала алмай жүргенін айтады. 

Бүгін Білім және ғылым министрлігі «Астана» университетіне жоспардан тыс тексеріспен барды. Оған осында оқитын 14 студенттің шағымы негіз болды. Айтуларынша, білім ордасында сабақ беретін оқытушы қалмаған, ғылыми жетекшілер жұмыстан босатылған. Салдарынан 4-ші курста оқитындардың дипломдық жұмыс тақырыбы да бекітілмепті. Ал университетті биыл бітіргендер дипломын әлі ала алмай жүр. 

Зарина Ахметова, 4-курс студенті:

-Келесі жылға көп студенттер магистратураға түскісі келуде. Биыл оқуын бітіргендер әлі дипломдарын алған жоқ. Оларға да магистратураға түсу керек.

Оқу орнында ректормен де, проректорлар де кездесе алмадық. Ешкім олардың қайда екенін білмейді. Дегенмен, бірер сағат өткен соң студенттер шағымына университеттің қабылдау комиссиясының өкілі жауап берді. 

Алмас Халилов, «Астана» университеті қабылдау комиссиясы жауапты хатшысының орынбасары: 

-Пандемияға байланысты көп оқытушы ауырды. Өкінішке қарай бір оқытушы қайтыс болды. Сол себепті, мұғалімдер аурудан жазылып, 10 қыркүйектен бастап жұмысына кіріседі. Университет сайтында барлық телефон көрсетілген, студенттер соған хабарласа алады. 

Министрлік биыл ақпанда да университетке тексеріспен келген. Алайда, ол жұмыстарға кедергі жасалған. Нәтижесінде сот оқу ордасына әкімшілік айыппұл салған. Дәл осындай жағдай былтыр да болыпты. 

Ғалымжан Жұмашев, ҚР БҒМ білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті төрағасының орынбасары: 

-Өтініште көрсетілген ескертулер расында анықталып шығатын болса, хаттама толтырылып, әкімшілік құқық жазасы штраф болады. Одан кейін ЖОО-ның лицензиясы тоқтатылады. 

Білім министрлігі аталған университетте алдағы 5 күн бойы тексеріс жүргізеді. Оның нәтижесін студенттер асыға күтеді. Өйткені, әрқайсысы оқудың жарты миллион теңге ақысын төлеп қойған. Бастысы, жастар жүйелі білім мен қолдарына диплом алғысы келеді. 

Фариза Мұсақызы



Хабарламаларға жазылу