Жолдауда көтерілген тағы бір мәселе - инспекторлардың мәртебесін көтеру. Президент осы жағдайда ғана олардың жұмысы өнетінін алға тартты. Біздің тілшіміз инспекторлардың бүгінгі хәлімен танысып, олардың жұмысын жеңілдетіп, жеделдету үшін шешілуі тиіс мәселе аз емес екеніне көз жеткізіп келді.
Полицияға деген сенімді арттыру үшін саладағы жемқорлықты жою маңызды. Сол үшін былтыр қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын көтеру қолға алынған. Соның арқасында орташа жалақы 180 мыңға жетті. Пәтерақыға да қосымша қаржылай көмек беріледі.
Нұралы Тәңірбергенов, учаскелік полиция инспекторы:
- Отбасыда әр адам басына 48500 теңгеден бөліп отыр пәтерге. Мысалы, мен, жолдасым, балам - үшеуіміз біз 150 мың теңге қосымша төлемақы аламыз.
Нұралы Тәңірбергенов - учаскелік инспектор. Айтуынша, жұмыс көп, тыным жоқ. Өйткені ұрлық, зорлық-зомбылық, алаяқтық сынды қылмыстардың бәрін ашу инспектордың мойнында. Ал былтыр берілген планшеттер жүкті біршама жеңілдеткен. Енді қызметтік көліктің санын көбейтсе дейді.
Нұралы Тәңірбергенов, учаскелік полиция инспекторы:
- Біздің бөлімшеде 14 адам қызмет жасайды. Бір бөлімшеге бір ғана автокөлікпен жабдықталған. Яғни, ол аздық етеді. Бізге халықпен көп жұмыс жасау керек.
Көліктен бөлек, полиция пунктерін заманға сай жаңарту керек. Мәселен, елдегі 2800 пунктің жартысы күрделі жөндеуді қажет етеді.
Нұрділдә Ораз, ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі:
- Одан бөлек, тағы да енді олардың жаңағы штаттық бірліктері қаншалықты жетеді өз аудандарына - осылардың бәрін қарастырып сосын біз Үкіметке ұсыныс жасаймыз. Яғни, оның жай ғана Ішкі істер министрлігінің номенклатуралық құжаттарымен ғана емес, оны бір заң күйінде мәртебесін көтеру мәселесін қарастырып жатырмыз.
Қазір қылмысты тез ашу үшін аулаға да, көшеге де жаппай камералар қойылып жатыр. Ал Мемлекет басшысы полицияның өздері отыратын ғимараттар мен түзеу мекемелеріне бейнебақылау орнатуды тапсырды. Бұл шаруа да кезек күттірмей қолға алынуы тиіс.
Амангелді Сейітхан