Алматы облысында 5 мектеп ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысында 5 мектеп ашылды

01.09.2020

Алматы облысында 32 мектеп бой көтереді. Ал биылғы жаңа оқу жылы қарсаңында 5 мектеп пайдалануға берілді. Солардың бірі – Қарасай ауданына қарасты Әйтей ауылындағы 1200 орындық білім ошағы. Оқу ордасы барлық қажетті заманауи компьютерлік сыныптармен, сапалы білім беруге арналған оқу-құралдарымен толық жабдықталған. 

Әйтейліктер ұзақ күткен заманауи білім шаңырағы облыстағы үш ауысымдық мектептердің санын азайтуға сеп болмақ. Ауылдағы ескі орта мектеп апатты жағдайда болғандықтан, елдімекеннен 3,5 гектар жер бөлініп, зәулім мектеп бой көтерді. 1200 орынға арналған оқу ордасының табалдырығын биыл 187 оқушы аттайды. 

Зульфия Үмбетаева, Б.Қосынов атындағы орта мектеп директорының орынбасары:

- Баланың білім алуына барлық жағдайлар жасалынған. Білім алу саласындағы кез келген жағдайға байланысты барлық жабдықтар қамтылған. 

Мемлекеттік және жекеменшік әріптестік бағдарламасы аясында бой көтерген мектепте заманауи құрылғылармен қамтылған сыныптардан бөлек, кең спорт залы, асхана, кітапхана және мединицалық бөлмелер бар. Ал мектеп ауласында спорт және ойын алаңдары мен демалыс орындары қарастырылған. Алайда, әзірге карантиндік ережелерге байланысты сабақ онлайн жүйесінде өтеді. Ал облыстағы ғаламтор желісі нашар ауылдарда оқушылар дәстүрлі форматта оқиды.

Майгүл Омарова, облыстық Білім басқармасының басшысы:

- Интернет желісі жоқ жерлерде облысымызда 145 мектеп штаттық режимде оқытылатын болады. Санитарлық нормаларға сәйкес дезинфекциялық барлық құрал-жабдықтар жеткізілді.

Жалпы биыл Жетісу өңірінде 55 білім беру мекемесіне, оның ішінде 42 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ол үшін бюджет бүйірінен 23,9 миллиард теңге қаржы бөлінген. Ал ғимараттардың жұмысы 22 қыркүйекке дейін толық аяқталмақ.

Нұрхан Нұрланұлы

Хабарламаларға жазылу