Қазақстанда жаңа оқу жылы басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда жаңа оқу жылы басталды

01.09.2020

Бүгін - Білім күні. Биылғы жаңа оқу жылында орта мектептерде 3 миллионнан астам оқушы білім алады. Елдегі эпидахуалға байланысты оның басым бөлігі, яғни 2 млн 600 мыңдай бала әзірге қашықтан білім алады. Ал бастауыш сыныптардың 530 мыңдай оқушысы кезекші топтарға барып, сабақты бастап та кетті. Оларды оқыту қалай жүргізіледі? Санитарлық талаптар қатаң ба? Нұрхан Нұрланұлы баяндайды.

Нұрхан Нұрланұлы, тілші: 

- Жаңа оқу жылында бірінші сыныпқа 352 мыңнан астам оқушы қабылданды. Бастауыш сыныптарда бір миллионнан астам бала оқиды, оның 60 пайызы ата-аналардың өтініші бойынша мектептерде, кезекші сыныптарда санитарлық талаптарды қатаң сақтай отырып, бүгін оқуды бастады. Қоңырау әр сыныпқа жеке-жеке 10 минуттан өтті. Алайда бұл салтанатты ата аналар қоршаудың сыртынан тамашалады. Оқушылар қоңыраудан кейін мектепке кіріп, жаңа оқу жылының алғашқы сабағына қатысты. Қазіргі ахуалға байланысты бір кабинетте 12-15 оқушыдан артық отыруға болмайды. Әлеуметтік ара қашықтық сақталуы тиіс. Сонымен қатар, мектептерде әр сабақ сайын дезифекция жасалуы керек. Мұндай шешімді санитар дәрігерлер қабылдаған болатын.

Жалпы, Алматыда 90 мектепте 1-2 сыныптарға арналған 193 кезекші сынып ашылды. Дегенмен мегаполистегі 8 арнайы түзету мектеп-интернаты мен бір орта мектепте 1-ші сыныптан 11-ші сыныпқа дейінгі оқушылар дәстүрлі түрде білім алады.

Ал ел бойынша 7 мың мектептің 3 мыңға жуығында 1-11 сынып оқушылары дәстүрлі форматта оқиды. Негізі бұл - шалғайдағы шағын мектептер, олардың әрқайсысында 180-нен астам бала бар. 

Мұндай шешім мектептердегі бала санының аздығына байланысты қабылданған. Сабақтың ұзақтығы 40 минут, ал үзіліске әр сынып әр уақытта шығады. Созылмалы аурулары жоқ балалар кезекші сыныпқа оқуға жіберіледі. Ал ата-аналар немесе жауапты адамдар балаларды санитарлық құралдармен яғни маска, антисептик немесе бактерияға қарсы майлықтармен қамтамасыз етіп, әлеуметтік ара қашықтықты сақтау туралы түсіндіруі тиіс. Сонымен қатар, олар оқушыларды мектепке алып келіп, сабақ аяқталғаннан кейін алып кетуі керек.

Айта кетейін, шамамен 2,6 млн оқушы жаңа оқу жылын қашықтан оқыту форматында бастады. Олар отандық 8 білім платформасының бірін пайдаланады. Ал ел бойынша 350 мың мұғалім қашықтан оқыту әдісін меңгеру үшін арнайы курстан өткен. Көпбалалы және тұрмысы төмен отбасының балаларына уақытша пайдалануға компьютерлер берілді. Барлығы 500 мың оқушы компьютермен қамтамасыз етілді. 

Хабарламаларға жазылу