Түркияда оқу жылы қашықтан оқыту форматында басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркияда оқу жылы қашықтан оқыту форматында басталды

31.08.2020

Түркияда бүгін жаңа оқу жылы басталды. Елдің Білім министрі шартты алғашқы қоңырау соқты. Алайда елдегі эпидахуалдың күрделенуіне байланысты оқушылар қашықтан оқытылады. «Қыркүйектің 21-іне дейін балалар онлайн оқиды, одан кейін мектептерді ашамыз», - деді Түркияның Білім министрі. Онда да елдегі вирустың таралуына қарай ашу-ашпауды арнайы комиссия шешеді. Қашықтан оқыту телеканалдар және Білім министрлігінің арнайы сайты арқылы өтеді. 20 минуттық онлайн сабақ кезінде тек негізгі пәндер оқытылады.

Зия Селчук, Түркияның білім министрі:

- Мұғалімдеріміз де оқушыларымыз да мектепті сағынғандарын білеміз. Алайда кішкентай да бір қауіп болатын болса, біз мектептерді ашпаймыз. Осылай онлайн жалғастыра береміз. Пандемияның алғашқы кезеңінде біз де өзге елдер сияқты онлайн оқытуға дайын болмадық. Қателіктер болды. Ал қазір қашықтан оқытуға толық әзірміз деп айта аламын.

Ал Түркиядағы вирустың таралуы соңғы күндері өршіп барады. Елдің бірқатар ірі қаласында карантиндік шектеулер күшейді. Көпшілік бас қосатын жиындарға тыйым салынды. Дегенмен Түркия денсаулық сақтау министрінің мәліметінше, теңіз жағасындағы туристік қалаларда эпидахуал бірқалыпты. Сондықтан да саяхатшылардың келуіне ешқандай шектеу қойылған жоқ.

Айдос Әшімұлы

Хабарламаларға жазылу