Мажарлар Қазақстанның бірнеше өңірінде құрылтай өткізуді жоспарлап жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мажарлар Қазақстанның бірнеше өңірінде құрылтай өткізуді жоспарлап жүр

29.08.2020

Еуропада індеттің өршуіне байланысты Мажарстанда түбі бір түркі халықтарының дәстүрлі құрылтайы биыл өткізілмеді. Құрылтайды ұйымдастырушы «Мадияр-Тұран» қорының өкілдері бұл жолы шағын шара өткізіп, тойға келе алмаған барша бауырлас халықтарға сәлем жолдады. Індеттен аман-есен шығуларына тілек білдірді. 

 Мажарстанның Бугац қалашығындағы дәстүрлі XI құрылтайға 27 мемлекеттен 180 мыңнан астам адам келеді деп күтіліп еді. Індеттің кесірінен жоспардың күл-талқаны шықты. Түбі бір, тамыры ортақ халықтармен басқосудың сәті түспеген соң мажарлар бауырларының құрметіне кішігірім шара ұйымдастырды. Түркітілдес елдердің байрақтарын желбіретіп, рухани демеу білдірді.

Андраш Биро, «Мадияр-Тұран» қорының жетекшісі:

- Бұл кездесуіміздің мақсаты - шараға келе алмай қалған туысқан халықтарымызға ыстық ықыласымызды жеткізу. Құрылтай ғұн-түркі халықтарының туыстығын арттырып, ұмытыла бастаған салт-дәстүрді жаңғыртуға, рухани жаңғыруымызға көмектеседі. Осы індеттен құтылғаннан кейін құрылтайды жалғастырамыз деп сенемін. 

Мажарлар барша бауырлас елдердің індеттен аман-есен шығуын Тәңірден тілеп, отпен аластау рәсімін жасады. Түркі жұртын біріктіріп, мәдени-гуманитарлық байланыс орнатуға мүмкіндік беретін құрылтайда қайта қауышуға тілек білдірді. 

Шойомфи-Надь Золтан, «Мадияр-Тұран» қорының өкілі:

- Алыстағы туыстарға жалынды сәлем жолдаймын. Бастысы, сағымыз сынбасын. Баршаңызға денсаулық, отбастарыңызға береке тілеймін. Салт-дәстүрімізді сақтап, ұмытпай, ұрпақтан-ұрпаққа жалғастыра берейік.

Ресми бөлімнен соң көпшілік қазақтың киіз үйіне жиналып, ұрпақ сабақтастығы, ұлыстар достығын бекіту жайын талқылады. Мажарстанда оқитын қазақ жастары ән мен күйден шашу шашып, көптің көңілін көтерді. қазақ пен мажар бір тамырдан өрбіп шыққан туыс екенін дәлелдеген Андраш Биро болашақта Торғай, Ақтөбе өңірлері мен үш жүздің басын қосқан ұлытауда қазақ-мажар құрылтайын өткізуді көздейді.

Нұрсұлу Қасым

Хабарламаларға жазылу