ДДСҰ: Пандемия миллиондаған адамның психикасына кері әсер етті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ДДСҰ: Пандемия миллиондаған адамның психикасына кері әсер етті

28.08.2020

Коронавирус әлем бойынша миллиондаған адамның психикасына кері әсерін тигізген. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы осындай мәлімдеме жасады. Адамдарда қорқыныш пен үрей басым және оларға дер кезінде көмек көрсететін орталықтар тапшы. «Егер мектептер ашылмаса, ақыл-ойдың ауытқуы балаларда да көбеюі мүмкін», - дейді мамандар. 

Францияда бір тәулікте 6 мыңдай адам коронавирус жұқтырды. Алайда ел билігі, қауіптің күшейгеніне қарамастан, оқу жылын қыркүйекте бастауға ниетті. Осылайша күзде 12 миллион оқушы мектеп табалдырығын аттайды.

Жан-Мишель Бланкер, Франция білім министрі:

- Мектептер денсаулық саласындағы дағдарыстан зардап шекпеуі тиіс. Білімсіз – әлеуметтік теңсіздік күшейеді. Сондықтан санитарлық нормаларды сақтай отырып, оқу орындарын қайта ашамыз деп шештік.

Германияда 3 апта бұрын ашылған 40-тан астам білім ордасында коронавирус жұқтыру оқиғалары тіркелді. Қауіпті кеселге жоғары сыныптағылармен қатар, бастауыштағы балалар да шалдыққан. 100 шақты оқушы мен ұстаз карантинге жіберілді. 

Испания мектептерінде 6 жастан асқан балалар маска тағуға міндеттелді. Еуропа елдері арасында, әсіресе, осы мемлекетте коронавирустың таралу деңгейі өте жоғары. Өткен тәуліктің өзінде 3700-ден астам науқас тіркелген.

Сальвадор Илья, Испания денсаулық сақтау министрі:

- Ең алдымен, оқушылар арасында 1,5 метрлік ара қашықтық сақталуы тиіс. Маска тағу міндетті. Қолды күніне кемінде 5 рет жуу керек. Соңғы уақытта вирус жұқтыру оқиғалары жастар арасында көп кездесіп отыр.

Жастар демекші, Италияда COVID-ке шалдыққандардың орташа жасы 29-ға дейін азайды. Көктемде бұл көрсеткіш 70 жас болған еді. 

Оңтүстік Корея қоғамдық тамақтану орындарының жұмысына тыйым салды. Мұндай қатаң шара вируспен күресу мақсатында қабылданып отыр.

Пак Нын Ху, Оңтүстік Корея денсаулық сақтау министрі:

- Кофехана, дәмханаларда адам көп жиналып, ұзақ уақыт отырады. Енді тамақты тапсырыс беріп, өзімен алып кетуге ғана рұқсат. Қатаң карантин талаптары 8 күнге созылады.

Үндістанда вирустың таралу қарқыны күшейді. Елде бір тәулікте дертке шалдыққандар 77 мыңға артып, жалпы науқастар саны 3,4 миллионға жетті.

Жансая Қапасқызы

Хабарламаларға жазылу