Әлемде коронавирус жұқтырғандар саны 23,6 миллионнан асты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлемде коронавирус жұқтырғандар саны 23,6 миллионнан асты

25.08.2020

Әлемде коронавирустан қайтыс болғандар саны 813 мыңға жетіп отыр. Қауіпті инфекция қайта өршігендіктен, Еуропаның бірқатар елдерінде шектеу шаралары тағы көбейді. Сонымен қатар Covid-19 вирусы Газа секторынан да табылды. Ал Оңтүстік Кореяда мектептердің көбі жабылып жатыр. 

Дүйсенбіге дейін Тынық мұхиттағы 10 аралға ғана емес, Газаға да коронавирус жетпеген еді. Бірақ бүгін белгілі болғандай, сектордың орталығында Covid-19 4 адамнан табылды. Олардың барлығы – бір отбасының мүшелері. Бұл хабардан кейін 2 миллион адам тұратын палестиналық анклавта 48-сағаттық карантин жарияланып, мемлекеттік мекемелер, кәсіпорындар, мектептер, мешіттер жабылды. 

Салама Маруф, Газа әкімшілігінің медив кеңсесінің басшысы:

- Бәрінен бұрын коменданттық сағат Газа секторының барлық аумағында екі тәулікке жарияланып, мемлекеттік сектормен бірге жеке сектор да жабылып, бір жерге жиналуға тыйым салынады.

Коронавирус эпидемиясы Испанияда, Францияның оңтүстігінде, Италияда, Түркияда, Швецияда, Хорватияда да қайта өршіп, Еуропада шектеулер тағы көбейіп келеді. 

Латын Америкасына ойыссақ, бұл континентте коронавирус жұқтырғандар 6,5 миллионнан асты. Солардың 340 мыңға жуығы Аргентина,3,5 миллионнан астамы Бразилия тұрғындары. Соңғы тәуліктің өзінде Аргентинада жаңа инфекциядан 381 адам қайтыс болған екен.  

Оңтүстік Кореяда кейінгі 24 сағатта 280 адамнан қауіпті вирус анықталды. Сондықтан ел астанасы Сеул мен оның айналасындағы аудандарда мектептердің көбін жабуға тура келіп отыр. 

Ю Ын Хе, Оңтүстік Корея Білім министрі:

- Бүгінгі сындарлы жағдайдан мектептер тыс қалған жоқ. Тамыздың басынан бері адамдардың инфекцияны топтасып жұқтыру оқиғаларының күрт жиілеуі оқушылар мен мұғалімдерді де ауруға шалдықтырып жатыр. 

Дегенмен, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан жағымды жаңалық та бар. Оның дерегінше, Оңтүстік-Шығыс Азия мен Жерорта теңізінің шығыс жағалауын қоспағанда, жер шарында пандемия кеңейіп келе жатқанымен,коронавирус жұқтырғандар мен одан қайтыс болғандар саны бұрынғыдай тез өсіп жатқан жоқ

Арыстан Рысбек

Хабарламаларға жазылу