Мектеп оқушылары сабақ үстінде маска тағуға міндетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мектеп оқушылары сабақ үстінде маска тағуға міндетті

24.08.2020

Алғашқы маскалы қоңырау. Биыл мектепке баратын оқушылар бетперде тағуға міндетті. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов айтты. Ал карантин кезінде той жасаған жұлдыздар жазалануы мүмкін. 

Оқушылар мектепке маскасыз кіре алмайды. Карантиннің талабын қатаң сақтауға ұстаз да, оқушы да міндетті. Тіпті, сабақ үстінде де бетперде тағып отырулары тиіс.

Бағдат Қожахметов, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі:

- Қазақстандық мектептерге баратын оқушылар қолына қолғап киюі міндетті емес. Тек бетпердені киюге міндетті. Ал бұл бетперделерді əке-шешелері қамту керек. Мемлекет тарапынан бетпердені сатып алуға əке-шелелеріне көмек бола ма деген. Бұл сұрақты мен міндетті түрде министрге жəне өкіметтегі басшыларға жолдаймыз. Мүмкіндік болса, əрине, ондай көмек көрсетіледі.

Жалпы, індет келгелі 2,5 мыңға жуық бала COVID-19-бен ауырған. Оның 111-і - жаңа туған нəресте. Балалардың 80 пайызында коронавирус симптомыз əрі жеңіл өтеді. Дегенмен, ауыр жағдайда жатқандар да бар. Сол себептен вирус саябырсыды екен деп, селқостық танытуға болмайды. Оның үстіне Кавасаки синдромы тағы бар. Дегенмен, жаппай ауыру көрсеткіші жоқ. Сондықтан даурығудың қажеті шамалы деп отыр мамандар.

Риза Боранбаева, Педиатрия жəне балалар хирургиясы ғылыми орталығының басқарма төрайымы:

- Кавасакимен Қазақстан бойынша жалпы 16 бала ауырды. 8 бала жазылып шықты. Қалғаны ем алып жатыр. Айта кетейін, бұл коронавируспен бірге келген ауру емес. Осыған дейін де жылына 3-5 бала ауыратын.

Карантин кезінде ортақ талапты елемей, той тойлап жүргендер де жоқ емес. Арасында жұлдыздар да бар. Енді олар жазалануы мүмкін. Əли Оқапов пен Төреғали Төреəлінің мерекелік шара өткізгендеріне қатысты Денсаулық сақтау министрлігі тексерісті бастап та кетті.

Бағдат Қожахметов, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі: 

-Таңертең біз бұл мəселені талқыладық. Министр менің көзімше Алматының бас санитар дəрігері Жандарбек Бекшинге қоңырау соқты. Қазір қалалық полиция қызметкерлері тексеріс жүргізіп жатыр, оқиғаның нақты қайда болғаны анықталады. Егер шынымен тойлар карантин кезінде өтсе, онда əкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске сəйкес жазалау шаралары қолданылады.

Ал осыған дейін індетке шалдыққандардың бəрін бірыңғай хаттамамен емдеп келсе, енді балалар мен аяғы ауыр əйелдерді емдеудің жеке-жеке клиникалық хаттамасы əзірленді. Құжат осы аптада бекітілуі тиіс. Ал Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой коронавирусқа қарсы қазақстандық вакцинаны өзіне ектіруге дайын. Қазір əзірлену үстінде. Бас дəрігер мен денсаулық сақтау жүйесінің 200 мыңнан астам қызметкері екпені тегін алады.

Әсима Нұрбайқызы

Хабарламаларға жазылу