Қазақстандықтар қандай дәрі-дәрмекті тегін алуға болатынын EGovMobile қосымшасы арқылы біле алады.
Ол үшін қосымшадағы «Денсаулық сақтау» бөлімінде «Азаматтардың жекелеген санаттарына дәрілік заттарды, мамандандырылған емдік өнімдерді, медициналық мақсаттағы бұйымдарды ұсыну» қызметін таңдап, кезеңді көрсету және қызметке тапсырыс беру қажет.
Бұл туралы «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ баспасөз қызметі хабарлады.
«Біз азаматтар үшін пайдалы қызметтер мен сервистердің санын арттыруға тырысамыз. Қазір eGov.kz порталында Денсаулық сақтау саласы бойынша 37 қызмет қолжетімді, біздің мақсатымыз олардың басым бөлігін eGovMobile қосымшасында іске асыру», - деп атап өтті «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ Басқарма төрағасы Әсет Тұрысов.
Сондай-ақ мобильді қосымша арқылы азаматтар кейбір құжаттарды электронды түрде көрсете алады:
- Жеке куәлікті;
- Неке туралы куәлікті;
- Туу туралы куәлікті;
- Атын, әкесінің атын, тегін ауыстыру туралы куәлікті;
- Некені бұзу туралы куәлікті;
- Электрондық техникалық паспортты.