Жаңа бизнес жобаны жүзеге асыру үшін қомақты грант ұтып алуға мүмкіндік бар. ЕуроОдақ Орталық Азия кәсіпкерлеріне 4,5 млрд теңгеден аса қаржы бөліп отыр. Бір жобаға орташа есеппен 340-420 млн теңге беріледі. Қайтарымсыз ақшаны ұтып алу үшін кәсіпкерлердің бизнес бастамасы кемінде Орталық Азияның екі елін қамту керек.
Сондай-ақ, кәрі құрлық пен жергілікті бизнес арасындағы байланысты жақсартуға сеп болуы тиіс. Ең әуелі қаржы, халықаралық сауда, кәсіпкерлердің әлеуетін арттыру бағытындағы жобаларға басымдық беріледі. Өтініштер маусымның 24-іне дейін қабылданады. Бұл бағдарлама 12 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Осы уақыт ішінде барлығы 34 жоба грант ұтып алған. Олардың 13-і қазақстандық кәсіпкерлер.
Свен-Олов Карлссон, Еуропалық Одақтың Қазақстандағы елшісі:
- Бағдарлама аясында осы уақытқа дейін жүзеге асқан жобалар өз нәтижесін берді деп есептейміз. Биылғы байқауда қазақстандық мекемелерден түсетін өтініштер де көп болады деп үміт артамыз. Себебі Қазақстанның экономика, инвестиция саласындағы жетістіктеріне қарап, өңірдегі сауда интеграциясы саласында да жетекші орынға шығуына зор мүмкіндігі бар деп ойлаймын.
Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ