Орталық коммуникациялар алаңында өткен баспасөз мәслихатында қашықтан қызмет ететін жұмысшылардың қажетті байланыс құралдарымен қамтамасыз етілу мәселесі қаралды.
«Еңбек кодексіне түзетулер енгізіліп, оның 138-бабының 2-ші тармағында жұмыс беруші қашықтан еңбек ететін қызметкерлерін қажетті байланыс құралдарымен қамтамасыз етуі керектігі жазылған. Егер қызметкер өзінің байланыс құралдарын пайдаланатын болса, онда жұмыс берушілер сол агрегатқа керекті қосымша құрылғылардың бәрін беруі тиіс. Жұмыс беруші интернет үшін де, электр жарығы үшін де төлеуі керек. Бұл мәселенің бәрі тараптардың келісуімен шешіледі», - деді ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Тінікеев.