«Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы «Елорда әкімдері» жаңа деректі фильмін ұсынады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы «Елорда әкімдері» жаңа деректі фильмін ұсынады

05.07.2020
«Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы «Елорда әкімдері» жаңа деректі фильмін ұсынады

6 шілде елорда күніне орай «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы «Елорда әкімдері» атты жаңа деректі фильм түсірді. 

Қазақстанның астанасын 20 жылдан астам уақыт ішінде 8 әкім басқарды және олардың барлығы қала тарихында өз қолтаңбасымен ерекшеленді. ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Н. Ә. Назарбаев сенім артқан саяси тұлғалардың барлығы бас шаһардың қалыптасып дамуына өз үлесін қосты. Деректі фильмде қаланы әр жылдары басқарған Ә. Жақсыбеков, Т. Досмұхамбетов, Ө. Шөкеев, А. Мамин, И. Тасмағамбетов, Ә. Исекешев, Б. Сұлтанов және қаланың қазіргі әкімі А. Көлгінов Елбасының қала билігін сеніп тапсырған сәтін еске алып, ел астанасының қарыштап дамуы үшін жүктеген жоспары туралы бөліседі.  

Бағдарламада әр басшының тұсында жүзеге асқан жобалар мен айтулы оқиғалар кеңінен қамтылады және сол арқылы Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың еңбегі мен Қазақстан астанасын әлемге танытудағы айрықша қолтаңбасы көрсетіледі. Астананы ауыстыру тек көшпен шектелмегені, оны орталықтандыру, күллі әлемге мойындату оңай болмағаны сол қаланы басқарған басшылар арқылы жеткізіледі.  

Жобада ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың ұлт өмірін өзгерткен ұтқыр шешімдері, қағаз бетіндегі идеялардан бастап, шындыққа айналған сәулетті жобаларға дейінгі табанды еңбегі, іскерлік пен экономиканың қозғаушы күшіне айналған ел астанасын таңдаудағы бағдар етіп алған 32 өлшем туралы айтылады. 

Деректі фильм 6 шілде 20:00-де «Qazaqstan» Ұлттық арнасынан эфирге шығады. 



Хабарламаларға жазылу