Енді дәріханаларда бір адамға 2-3 қаптама дәріден артық берілмейді.
Бұл туралы Денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бюрабекова айтты.
«Біз әкімдіктермен және бөлшектік сауда желілері қауымдастықтарымен меморандум жасадық. Яғни бір адамға препарат 2-3 қаптама күйінде, шектеулі түрде сатылатын болды. Себебі ем-дом курсына дәл сонша препарат керек. Үйде препараттар босқа жатып қалмауы керек. Себебі олардың әрқайсысының өз жарамдылық мерзімі бар», - деді ол.
Сонымен бірге вице-министр бір үйде бірнеше адам ауырып жатса, дәрі-дәрмекті сату жағынан шектеу болмайтынын жеткізді.
«Бұл - дәрігердің рецепті. Дәрігер ем-дом алу үшін тиісті курс бойынша пациентке дәрі жазып береді», - деді Л.Бюрабекова.