Польшада Абайдың 175 жылдығына арналған мерейтойлық пошта маркасы шықты. Бұл-Польша үкіметінің, Польша поштасының қазақтың бас ақыны, ұлы ойшылының торқалы тойына тартуы. Офсетті тәсіл арқылы басылған маркада киіз үй, Абайдың суреті бейнеленген. 135 мың данамен шыққан марканы енді поляктар күнделікті хат алмасқанда қолданады. Құны 3 злотый, бізше 350 теңге. Шарада сөз алған Пошта төрағасы Томаш Здзикотаның айтуынша, «Абай-қазақ халқының ғана рухани көсемі емес, ол-әлемдік деңгейдегі кемеңгер. «Ғұламаның тың туындылары жаһан жұртына ортақ байлық»,-деген Шығыс департаментінің директоры Ян Хофмокл да Абайдың қара сөздерін жатқа айтты. Еліміздің Польшадағы елшілігінің бастамасымен «Ақыл сөздері» жинағы 2013-жылы поляк тілінде жарық көрген еді.
Нұрсұлу ҚАСЫМ